Жастарды жігерлендірген жоба

0

Іске білек түріп, тілек білдірген жастарға қазіргі таңда мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар аз емес. Соның бірі — өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған облыс тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту жобасы.  Пилоттық жоба аясында кәсіп жасауға ниетті жастарға кең мүмкіндіктер қарастырылған.

Аудан көлемінде қанатқақты жобаға Үшарал ауылдық округі таңдалып алынғаны белгілі. Қуанышы сол, шалғайдағы ауылда тірлікке   тәуекел еткен жастардың қатары аз болмай шықты. 29 жасқа дейінгі округтің 30 тұрғыны кәсіп бастауға шешім қабылдаған. Жастардың  дені «Ауыл шаруа­шылық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы 5 жылға 2,5 пайызбен несие алып, мал басын көбейтуді мақсат тұтқан. Бүгінге дейін жас кәсіпкерлерге 69 720 000 теңге көлемінде қаражат бөлінген. Оның 49 200 000 теңгесіне 123 бас жылқы малын, 6 520 000 теңгеге 163 бас уақ мал, 14 000 000 теңгеге 40 бас мүйізді ірі қара малын алса, 7 500 000 теңгеге жем-шөп қорын толықтырған.

Сондай-ақ, пилоттық жоба аясында 1 жас ауылда наубайхана ашып іс бастаса, ал бірі жылыжай құрылысын жүргізуде. Көп ұзамай тұрғындардың сұранысына сай көкөніс түрлерін ұсынбақ. Бұдан бөлек, округтің бірқатар азаматтары алқапқа қауын-қар­быздар отырғызып, табысын бақша дақылдарынан айырмақ ниетте.

Қанатқақты жобаның нә­тиже­­сінде шалғайдағы ауыл­­дың шаруасына шырай кірді. Іске қызығушылық танытқандардың болашақтағы жоспарлары да үлкен. Тәуекелге бел буған жастардың жұмысы жемісті болсын дейміз!

Алдағы уақытта жас­тарды іске бастайтын игі жоба ауданның бірқатар ауыл­дарында да жалғасын таппақ.

Ж. Дүйсенбаев,

«Жастар ресурстық орталығының» аға инспекторы,

Үшарал ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.