Егінші – мәрт, жер – жомарт

0

Соңғы жылдары елімізде жалпы егіс көлемі ұлғайып, ауыл шаруашылығы өнімі артуда. Бұл көрсеткіш ауданымызда да оң шешімін табуда. Аудан негізінен, мал шаруашылығымен айналысқанымен, соңғы жылдары егін шаруашылығы, оның ішінде, бақша дақылдары мен дәнді және техникалық дақылдарын өсіру де қарқын алып келеді.

Мәселен, Бостандық ауылдық округі диқандары бұл салада айтарлықтай табыстарға жетіп келеді десек, артық айтқандық емес.

Бұл округтегі егістік көлемі 1458 гектар жерді құраса, оның 1347 гектары шаруа қожалықтарына тиесілі. Мұнда 54 шаруа қожалығы егін шаруа­шылығын дөңгелетіп отыр. Жалпы, егістік жерлер «Левый», «Ұзын» және «Әбіш» каналдарының бойына орналасқан. Агро­өнер­кәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерді орындау — суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей  байланысты. Өйткені, суармалы жер кепілді түрде мол өнім береді.

  Биылғы жылы суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылды. Аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы Қазанбасовтың жетекшілі­гімен биылғы ақпан айының басынан бастап негізгі каналдарды тазалау жұмыстары жүргізіліп, наурыз айында каналдарға су берілді. Соның арқасында биылғы егіс дала жұмыстары да ерте басталды.

Суармалы жер шаруашылығында ағын суды тиімді пайдалану мен гектар өнімділігін көтеру басты міндет екенін Бостандық ауылдық округі диқандары жақсы түсінеді. Сол себепті, кіші арықтарды тазалау жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Жылда шаруа қожалықтары жаздың аптап ыстығында су тапшылығынан қатты қиналатын еді, биылғы жылы ондай су тапшылығы болмайтынын аудан басшысы сенімді түрде айтып отыр.

Еліміздегі ең үлкен су тұтынушы –Ауыл шаруашылығы министрлігі екені белгілі. Ол су қорының 60 пайызын егін суару мақсатында пайдаланады. Сондықтан суды үнемді де тиімді пайдалану, жаңа технологияларды қолданысқа енгізу басты назарда ұсталып келеді. Бұл жағынан алғанда, аталмыш ауылдық округінің шаруа қожалықтары біршама ілгері басып отыр деуге болады. Мысалы, «Жаңалық» шаруа қожалығы тамшылатып суару, жаңбырлату әдісін тиімді  пайдалануда, өнім сапасы да жоғары.

Мұнда агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру мәселесі де оң шешімін тапқан. Мәселен «Алашбай- Тәжібай» шаруа қожалығы мал шаруашылығынан бөлек, егіншілікті де қолға алып, 15 гектар жерге картоп, 20 гектар жерге көп жылдық шөп егіп, 100 түп жеміс ағаштарын отырғызды. Мұндай игілікті істер басқа шаруа қожалықтарында да көрініс табуда.

Ауыл шаруашылығының «алтын қоры» болып саналатын суармалы жердің құнарлығы мен өнімділігін сақтап қалу-әрбір жер пайдаланушының басты міндеті. Жердің мелиоративтік жағдайын жақсарту да назардан тыс қалмауы керек. Мұны Бостандық ауылдық округінің диқандары да жақсы түсінген сыңайлы.

Бұл округ тұрғындары бақша дақылдарын өсіру жағынан өздерінің тәжірибесі мол, егіншіліктің қыр-сырын жете меңгергендерін көрсетіп жүр. Бостандықтың бал шырынды қарбыздары Нұр-Сұлтан, Алматы секілді ірі қалалар мен солтүстік өңірлерінің базарларында үлкен сұранысқа ие.

Міне, биыл да ерте көктемнен жердің эррозияға ұшырап, сорланып кетпеуі үшін, жер құнарлығын арттырып, мол өнім алу мақсатында фосфогипс, селитра, нитроаммофос секілді минералды тыңайт­қыштарды пайдалануды жүзеге асырды. «Мұзап­пар», «Талапты», «Ми­рас», «Қожан» , т.б. шаруа қожалықтары тыңай­т­қыш­тарды өте тиімді пайдаланғанын айта кетуге тиіспіз.

Егін шаруашылығын әртараптандыру мақсатында биыл 100 гектар жерге жүгері дақылын егуді қолға алды. Одан да мол өнім алынады деген сенім басым.

Көктемгі дала жұмыстары барысында «Таң» ЖШС-і арқылы арзандатылған жанар-жағар  маймен де қамтамасыз етіп үлгерді. Ендігі міндет –тек тынбай еңбек етіп, өз еңбегінің жемісін көру.

— Жалпы көктемгі дала жұмыстары  бойынша  қысқаша жағдайымыз осындай. Ағын суды тиімді пайдалану үшін каналдарға лотоктар қойылса немесе бетондалса деген арманымыз бар. Өйткені, каналдар жыл сайын қазыла-қазыла деңгейі төмендеп кетті. Осының әсерінен суармалы жерлерімізді толық игере алмаудамыз.

Осы жоба жүзеге асқан жағдайда ауылымыздың  да, шаруаның да экономикалық жағдайы бұрынғыдан да жақсара түспек,- дейді Бостандық ауылдық округінің әкімі Мұратхан Рысдәулетов.

Қамысбай Сауқымов

Leave A Reply

Your email address will not be published.