Жөндеу жұмыстарына деген жауапкершілік жоғары

0

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев жұмыс сапарымен ауданға келді. Өңір басшысының орынбасарына аудан әкімі Бақыт Қазанбасов атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды көрсетті.

Ержан Жұматұлы алдымен үлгілі округ саналатын Қасқабұлақ ауылында болып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Қазір­гі таңда 138 оқушы білім алып жатқан орта мектепті аралап, ауыл көшелері мен   көпірдің жүргізіліп жатқан  құрылыс жұмыстарына назар аударды.

Мұнан соң Көктал ауылдық округіне бағыт бұрған Е.Жылқыбаев М.Жұмабаев атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмысын көзбен көрді. Жалпы, 240 балаға арналған орта мектеп  өткен ғасырдың 70-ші жылдары бой көтерген. Бүгінде білім ошағының есік-терезелерін ауыстыруға «Жұмыспен қамту жол картасы»  бағдарламасы бойынша 53760,0 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарына жауапты «Международный холдинг» ЖШС.

Өз кезегінде жұмыстарды бел­гі­лен­ген мерзімде аяқтауды тап­сырған Ержан Жылқыбаев жауапты мердігерге қосымша мектеп алаңы­ның жұмысын толық бітіріп беруді сұрады.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынба­сары қалаға кіре-беріс тұста бой көтерген  типтік үлгідегі ауданның төлқұжаты жазылған стеллаға аялдап, аудандық орталық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Орталық аурухана бас ғимаратының және әкімшілік ғимаратының жылу жүйесінің күрделі жөндеу жұмыстары бойынша «Талас-Құрылыс» ЖШС-мен өткен айдың соңында келісім шарт жасалған. Орындалу мерзімі 4 ай.

Қазіргі таңда ауруханада 50 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл жайында аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Есмахан Имаммырзаев айтып берді. Орын алып жатқан коронавирус індетіне байланысты сақтандыру шараларын қатаң ұстануды алға тартқан Е.Жылқыбаев: -Мекеме ауруға ем іздеген жандардың орны. Сондықтан, мәселе туындамауы тиіс. Ғимараттың сырт бетін қалыпқа келтіріп, жөндеу жүргізу керек. Тиісті құжаттарын реттеп, ұсыныңыздар. Ретіне қарай аурухананың материалдық-техникалық базасын жақсартуға көмек көрсетеміз,-деді.

Бұдан бөлек, Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығына бас сұққан Ержан Жұматұлы 3-мөлтек ауданындағы №4 көп пәтерлі  үйдің құрылыс жұмыстарын, Ш.Уәлиханов атын­дағы орта мектебін, «Нұр-Дос» жиһаз дүкенін және Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің қа­шықтықтан оқыту процесін көруді назардан тыс қалдырмады. Өз кезегінде Е.Жылқыбаев қазіргідей сын сәтте жол тауып, жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, халықпен байланысын үзбеген мекемелердің ісіне оң бағасын беріп, еңбектеріне сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, мемлекеттік меншікке сатып алуды қажет ететін жабық нысандағы жүзу бассейіне қатысты өз пікірін білдірді.

– Нысанның саудадағы бағасы қымбатқа түсіп отыр. Біз сатып алған жағдайдың өзінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиіспіз. Ол қомақты қаражатты талап етеді. Оңтайлы, қаражатқа үнем болатын, шешім қабылдауымыз керек,-деді.

Жұмыс сапарын одан әрі жал­ғас­тырған Ержан Жұматұлы аудан әкімдігі «Жұмыспен қамту орталығы­ның», балалар өнер мектебін және орталық стадионның күрделі жөндеу жұмыстарын аралады. Ауданның Құр­мет­ті азаматы Базылхан Тоқтыбаевпен кез­десіп, талап-тілектерін тыңда­ды. Жағдайға қарай тисті шешім қабылдайтындығын жеткізді.

Түс ауа облыс әкімінің орынбасары Ақкөл ауылдық округінде болып, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті, О.Иманалиев атындағы мәдениет үйін, балалар-жасөспірімдер спорт мектебін және Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің Ақкөл ауылын­дағы филиалы ғимаратына келді. Мұнда Ержан Жылқыбаев қажетті ұсыныс-тілектерге назар аударып, нысандарға жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын бақылады. Жұмыс сапары соңында қолға алынып жатқан істерге оң бағасын беріп, жауапты сала басшыларына жұмыстың сапалы жүргізілуін, мерзімінде аяқталуын  қатаң бақылауды тапсырды.

Нарбол Қашаған

Leave A Reply

Your email address will not be published.