Тараздықтарға ыстық су тамызда беріледі

0

Тараз қаласындағы жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүруіне байланысты 1 шілдеден бастап көпқабатты тұрғынүйлерді жылы сумен қамту уақытша тоқтатылған болатын. Алайда, тұрғындар облыс орталығындағы құбырлардың жыл сайын жөндеуден өтетінінен мезі болғанын, судың тоқтауы тұрмыста біршама қиындықтар туындататынын айтып, аймақ басшылығына шағымдарын да жеткізген-ді. Халық базынасына үнемі құлақ түріп отыратын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл мәселені жеке бақылауына алған. Нәтижесінде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі кеңесте шұғыл түрде ыстық сумен қамтамасыз етуді қалпына келтірудің шешімін табуды, сонымен қатар, жылу жүйелерін жөндеуді тездетуді тапсырған болатын.

Тапсырма түскен соң ғана бойына қан жүгірген құрылыс жұмыстары бүгінде қарқын ала бастаған. Ал бүгін  қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев баспасөз конференциясын өткізіп, бұл бағыттағы жұмыстардың аяқ алысынан хабар берді.

Өз сөзінде Асхат Есеналиев шаһар аумағында жүріп жатқан жұмыстарға жекелей тоқталып өтті.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 17 жобаға 1,8 миллиард теңге бөлінді.  Соның ішінде, Тараз қаласы бойынша 7 жоба іске асырылуда. Бүгінгі күнге ағымдағы жөндеуді қажет ететін 14 436 метр жылу желілерінің 60 пайызы, жаңартуды қажет ететін 4 269 метр жылу жүйелерінің 20 пайызы монтаждалды. Ауыстыруды қажет ететін 2 қазандық толық бұзылып, жаңа қазандықтарға тапсырыс берілді.

Бүгінгі таңда, барлық 17 аудандағы жұмыстарды барысы қатаң қадағалануда. Арнайы техника және жұмысшылардың саны көбейтіліп, жалпы жұмыстарды 2 аптаның ішінде аяқтау жоспарланып отыр, – деді қала әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, өз сөзінде А. Есеналиев жылу желілерін ауыстыруды аяқтағаннан соң Ә. Әйтиев, Байзақ батыр және Балуан Шолақ көшелерінде жол жабынын қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Бұл мақсатта «АрайСтройМаркет» ЖШС-мен келісім жасалған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.