Кәсіпкерлермен кездесіп, талаптарды түсіндірді

0

Тараз қаласы аумағынан құрылған мобильдік топ жеке кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескерту жасады. Мобильдік топты бастаған қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Аспандияр Сейсебаев №8 мобильдік топтың осы уақытқа дейін қаланың барлық аумағын аралағанын айтып, жүйелі жұмыстың нәтижесіне тоқталды.

– Қала аумағынан құрылған мобильдік топтар жұмыстарын жүйелі атқаруда. Бұған жергілікті полиция қызметкерлері және санитарлық дәрігер мамандар белсене араласты. Бүгінде қала аумағында жұмыс жасауға рұқсаты бар нысандардың санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс жасауын қадағалаудамыз. Сондықтан қала тұрғындары да бұған көз жұма қарамай, облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына құлақ асқаны жөн, – деді бөлім басшысы.

Рейд жұмыстары кешкі уақытта жүргізілгендіктен, азық-түлік және ұялы телефон сатумен айналысатын кәсіп иелері анықталып, ескерту жасалды. Бұдан бөлек, қала аумағында кеш батқанын елемей, жұмысын жалғастырған көлік жөндеу орталығы да бар екен. Аталған нысандарда кәсібін дөңгелетіп отырғандар мобильдік топ мүшелеріне ақталып әлекке түсті. Десе де, жергілікті полиция кәсіп иелерінен түсініктеме алып, ескерту жасады.

Жалпы қала бойынша рейд жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Бұл күні сала мамандары «Самал», «Мыңбұлақ» мөлтек аудандарымен қатар орталықтағы бірқатар сауда орындарын аралап, санитарлық талаптардың қаншалықты сақталғанын тексерді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.