Мемлекеттік нышардар ардақталды

0

4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай Тараздағы «Жастар» аллеясында «Елтаңбам – елдігім, көк туым – теңдігім!» атты патриоттық акциясы аясында авто-мото-велошеру ұйымдастырылды.

Ерекше шараға қатысушылар «Жастар» аллеясындағы «Сахна» алаңшасынан Желтоқсан көшесіне түсіп, одан әрі Төле би, Жамбыл даңғылдары арқылы Д.Қонаев, С.Сейфуллин, Б.Момышұлы, Тәуке хан көшелерімен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағына дейінгі жолды жүріп өтті. Тұңғыш Президент саябағында «Елтаңбам – елдігім, көк туым – теңдігім!» атты акция жалғасын тауып, бір мезгілде Мемлекеттік Гимн орындалды.

Мерекелік шеруге «Бипэк Авто» компаниясының жергілікті өкілдігінен, «Джип клуб Тараз» және «BMW клуб Тараз» қоғамдық бірлестіктерінен автоәуесқойлар қатысып, мемлекеттік рәміздермен безендірілген көлікпен қаланың басты көшелерін жүріп өтті.

Аталған акцияға Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті №2 өрт сөндіру бөлімінің, Тараз қалалық полиция басқармасының, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» мекемесінің және өзге де мекемелердің қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ «Қасиетті көк байрағы елімнің!» атты акциясы аясында Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне Мемлекеттік Ту ілінді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.