Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық домбыра күніне арналған концертке барды

0

Мемлекет басшысы елорда тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, бұл музыкалық аспап қазақ халқының мәдениеті мен тарихында айрықша орын алатынын айтты.

– Жақында менің жарлығыммен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп жарияланғанын білесіздер. Бүгін бұл мерекені еліміздің барлық өңірі атап өтуде. Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы бүгінде домбыра қазақтың бренді болып саналатынын атап өтті.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға домбыра ерекше үлес қосады. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері – төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы домбыра мен күйдің ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгенін айтты.

– Біздің мәдени құндылықтарымыз бен дәстүріміз қос ішектің үні мен күмбірлеген күй арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Ұлттық домбыра күнінің Астанада – тәуелсіз Қазақстанның жүрегінде дүниеге келуінің символдық мәні бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы Ұлттық домбыра күні өскелең ұрпақтың қасиетті домбыраға, ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыра түсетініне сенім білдірді.

«Қазақ елі» алаңында өткен іс-шара барысында дирижер Айтқали Жайымовтың жетекшілігімен 2 мыңнан астам өнерпаз бір оркестр ретінде домбырамен қазақтың белгілі күйлерін орындады.

Концерттен кейін Қазақстан Президенті қолданбалы өнер туындыларының көрмесін аралап көрді.

akorda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.