Отбасыларыңызда сіз бен бізге қымбат жандар бар

0

Коронавирус инфекциясы елімізде тарап, қатаң шектеулерге қарамастан тұрғындарға залалын тигізіп отыр. Әсіресе, соңғы айда сырқаттанғандар саны мен бақилық болғандар қатары артып отыр.
Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев телевизиялық Үндеуіндегі және Үкімет отырысында айтылған мәселелеріне құлақ түріп, айдың соңына дейін карантин режимін ұзартқанын қуана құптадым.
Біз, қазақтар, несін жасырамыз азғана уақытта қаншама асылдарымыздан айырылып қалдық.
Айтыңыздаршы, жақындарыңызда осы қарғыс атқыр індеттің ілгегіне іліндіғой. Еліне танымал азаматтар құлаш матаға оралып жатқанда, ауылды жердегі тұрғындарда данагөй ақсақалдарын ақтық сапарға аттандырды. Бұл індеттің ақырғы аялдамасын көрген халықтың санасында серпіліс туды. Ешкімнің байлығына, мансабына қарамайтын індеттің діттегені де қара жер еді. Біз бұл індеттен үшін дәрігерлердің нұсқауын бұлжытпай орындағанымыз жөн.
Сонымен қатар, ел Президенті 13-шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Әрине, бұл шешім – мыңдаған қазақстандықтардың күтіп отырған мәселесі еді. Президент жалған ақпарат таратушыларға қарсы қатаң шаралар қолданылатынын, сондай-ақ, дәрі-дәрмектерді қымбат бағаға сатып, пайда табушылардың да жолын кесу шұғыл қолға алынып жатқанын тілге тиек етті. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерді қатаң тексеруде.
Қасым-Жомарт Кемелұлы, сонымен бірге, коранавирустың алдын алу, оны емдеу жолдары бойынша дәрігерлеріміздің, көпшіліктің арасында, БАҚ арқылы түсінік жұмыстарын жан-жақты жүргізуді атап өтті. Бұл да өте орынды айтылған мәселе болды. Себебі, халық арасында ағарту, түсіндіру жұмыстарының қажетті деңгейде болмауынан көптеген азаматтарымыз алғашында мән бермеді, немесе, нақты білмесе де өздерінше ем-дом жасап, қателікке ұрынды. Нәтижесінде, орны толмас қайғыға душар болды.
Барша қазақстандықтарды бір-бірімізге жанашыр болуға, қамқорлық танытуға, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Шаңырағымызда бізге қымбат жандардың бар екенін ескерсек, жақынымызға жанашыр болайық. Бұл індетті әлі-ақ ауыздықтаймыз әлеумет!

Leave A Reply

Your email address will not be published.