«Өркениеттен алыс қалдық»

0

Ақшоқы көшесінің тұрғындары шағымдарын жеткізді

Жақында редакциямызға  Шу қаласы Қант зауыты мөлтек ауданындағы Ақшоқы көшесінің тұрғындары хабарласып, шағымдарын жеткізді. «Су жоқ, жарық жоқ, жол жоқ. Өркениеттен алыс қалдық» деп өкпелі. Көзбен көрмекке бірден жолға шықтық. Бірақ көшені іздеп біраз жүріп қалдық. Қуыста орналасқан жиырма шақты түтіні бар шағын ғана көше екен. Расымен артта қалып бара жатқандығы бірден байқалды. Тұрғындар лезде жинала кетіп, көріп жатқан қиыншылықтарын тізбектеп берді.

Қанат Беріков, көше тұрғыны:

-Жолдың жөндеу көрмегеніне бірнеше жылдың жүзі өтті. Көшеміз ұзын да емес. Көп дегенде 300 метрдей ғана. Жауын жауа қалса лай басып кетеді. Терең шұңқырларға су жиналып, көлшікке айналады. Осыдан үш жыл бұрын қала әкімдігіне жолығып мән жайды түсіндіргенбіз. «Жасаймыз, уайымдамаңыздар» деп шығарып салды. Одан бері көп күттік. Содан, осыдан екі ай бұрын әкімшілікке қайта бардық. «Енді он күн шыдаңыздар, жұмысты бастаймыз» деп қуантып қойды. Бірақ он күн емес екі ай өтті, әлі қимыл жоқ.

Тұрғындар ымырт түссе жолы да оңып тұрмаған көшеде соқыраңдап, үйлеріне әрең жететіндерін де жезкізіп, осы уақытқа дейін көше жарығы орнатылмағанын айтады.

Шынар Башегова, көше тұрғыны:

-Жолдың жайынан бөлек жарық мәселесі де шешілмей тұрған көшемізде қас қарая бастағаннан жаяу жүру қиындайды. Мектепке баратын оқушылар үшін әсіресе қауіпті. Таңертең қолымызға жарық алып шығамыз, кешке сол жарықпен үйге қайтамыз.  Қараңғыда әлдебіреулер тиісіп кете ме деп қорқамыз.

Көше атауының бұрынғы атауынан жаңа әрі қазақша атауға көшкені әрине құптарлық іс. Бірақ «Восточная» деп аталған қазіргі «Ақшоқы» көшесінің атауының өзгеруі де тұрғындарды біраз әуре сарсаңға салып келетін көрінеді.

Гүлзат Момынова, көше тұрғыны:

-Құжатта үйдегі жарты адамның мекенжайы «Восточная», жартымызда «Ақшоқы» деп тұр. Белгілі бір құжат қажет болған жағдайда осы үшін әуреге түсіп жатамыз. Мәселен, жақында мен бір құжатымды реттеу үшін  көшенің екі түрлі атауына байланысты халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырдым. Одан бөлек жедел жәрдемнің келуі қиындап кетті. Үйді сағаттап іздеп жүріп қалады. Себебі көше атауы үй маңдайшасына ілінбеген. Әлі күнге ескіше «Восточная» деген жазу тұр.

Осылайша бір көшедегі бірнеше мәселені көтерген тұрғындар қала әкімшілігінен нақты жауаптар күтуде. Тағы атап өтерлігі, ауызсуға да зар болып отырмыз деген ақшоқылықтар тұзды сумен күн көріп отырғандарын жеткізді.

Тұрғындардың жан айқайын жеткізген біз де Ақшоқы көшесіне көңіл бөлінеді деген сенімдеміз. Ал, әзірге Шу қалалық әкімдіктің түйіткілді мәселе қашан шешіледі деген сұраққа жергілікті басылым арқылы тұрғындарға берер жауабын күтеміз.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.