Әлемдік мәдениеттің тұлғасы

0

Қазақ халқының ой санасында Абай Құнанбайұлын танып білудің алғашқы бастамасы — ақынның атқа мініп ел ісіне араласқан заманында-ақ белгі бере бастаған. Көшпелі өмір болмысының ерекшелігіне орай қазақ сөз өнерінің «патшасы» Абай туындыларының халық арасында таралуының үш түрлі жағдайда жүзеге аса бастағаны байқалады: әуел баста, өлеңдері ауызша, әнге қосу арқылы насихатталса, кейінгі жылдары — қолжазба түрінде көзі қарақты санаулы, сауатты адамдар арасында таралған. Үшіншіден, туындылары 1889 жылдан бастап баспасөз беттерінде әр қилы жағдайда жарияланған.
Кемеңгер ақын 13 жасынан бастап ел билеу ісіне араласып, халықтың тұрмыс болмысымен жіті танысты. Осы кезден бастап қазақы ортада ақынның алғашқы әдеби ортасының қалыптасу жолындағы рухани құбылысын, ақындық өнердің бүр жара бастаған кезеңін, оның бозбала шағындағы өлеңдері мен құрбыларымен сөз қағыстыру өнеріне төселе түскен қалпын танимыз. Әңгімешіл қарттармен сырласа жүріп, елдің әдет-ғұрып, салт-санасы мен халқының рухани қазынасына қаныға түседі. Замандас ақындары Дулат, Шортанбай, Шежіре, Балта, Тәттімбет, Қазақбас, Жанақ, Біржан тағы басқа да ақындардың алдын көріп, Сабырбай ақынмен сыр шертіп сырласуы ақынның әдеби ортасының алғашқы бастау көздеріне жатпақ. Бұл көріністерге М.Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясындағы көркемдік тәсілдермен суреттелген оқиғалар арқылы көз жеткіземіз.
Бала Абай атақты Барластың (Дулат) ақындық жырын тыңдап, рухани жан дүниесі әсерге бөленуінен «Айтушым судай төгілген, Тыңдаушым бордай егілген» деп, Дулат ақын жас Абайға ақ батасын берген. Байкөкше ақыннан ақындық шабыттың келу сырын ұғынса, айтыс ақындарынан сөз кестесін тоқудағы ақындық психологиялық шеберліктің тылсым сырын сезініп толыса түседі. «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілдім» деген ғұлама — бозбала шағында Шығыстың классик ақындарын оқып, ақындық рухани қазынасы да күн асқан сайын нәрленіп, қорлана береді.
Міне, биыл қазақтың рухани кемеңгері, ойшылы, білім мен бостандық жолындағы қажымас күрескері — Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Осыған орай, өткен жылы Абай шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтіп, Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бастамаға Президенттің өзі қолдау көрсетіп, кейін бұл бастама бірнеше айға ұласып, мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті әлемдік тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытқанын жақсы білеміз. Ал еліміздің басты басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланды. Мақаладағы «Торқалы тойдың тағылымы» атты бөлімінде ел Президенті «Біз ұлттық сананы жаңғыртып, бәсекеге қабілетті ұлт боламыз десек, Абайдың шығармаларын толық оқуымыз керек. Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әрбір шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясы тұруы қажет деп санаймын. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы» -дей келе, ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсірілетінін жеткізген болатын. Ал сол телесериалда бала Абай рөлінде өз жерлесіміз, мойынқұмдық — Нұртас Әлинұр Махамғалиұлы сомдағанын да айта кеткенім жөн болар. Мақаладағы «Келелі кеңес жоғалды, ел сыбырды қолға алды» деген ақынның өлең жолдарында елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын аңғарамыз. Сондықтан да Мемлекет басшысы биліктің халыққа әрдайым құлақ түріп отыруы керектігін айтып, ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Осы ретте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасын да әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатында ұсынғанын жеткізген болатын. Ал қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні жайлы сөз қозғап, өлең сөздің қадір-қасиеті жайлы толғаулы ой қозғаған Абай атамыз туралы алғашқы мақала 1913 жылы «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсыновтың қаламынан шыққан екен. Хәкім Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына орай «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында әдебиет зерттеуші А. Байтұрсынов Абай мұрасын исі қазақтың танып білу керектігін уақыт талабы ретінде бағалады. Қарапайым қазақ түгіл зиялы деген пенденің өзіне де ақын мұрасын бірден түсінудің өзі қиын соғарын ескере отырып, «…Кей сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі» деп ақынның ой таным сырының тереңде жатқанын ескерткен.
Ақынның толық адам туралы ойы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастау алып, жыл өткен сайын күрделене түседі. Адамның мінез-құлқындағы қарама-қарсы ұғымдардың сырын 7-қарасөзінде айтылатын «жанның тамағы» дейтін пәлсапалық мағынасы бар ұғыммен салыстыра отырып, көп мәселенің тамырын дөп басады. Өйткені Абай « …құмарланып жиған қазынамызды көбейтсе керек, бұл жанның тамағы еді» — деп, әрбір талапкер жас өзінің дүние танымының қалыптасу жолында рухани, саналы түрде бет бұрса ғана толық адам жолына түсе алмақ десе, ақынның «Бес нәрседен қашық бол» деп таңбалап отырғаны адамды аздыратын жанның зиянды тамақтары болып шығады. Адам болу туралы ойлар, әсіресе, ақынның қарасөздерінде молырақ таратылған. Ондағы «адам болу, адам, жарым адам, толық адам, адамның адамдығы, адамшылық, адамшылығының кәмалаттығы, пенделіктің кәмалаттығы тағы басқа да терминдік мәні бар сөздердің бәрі де толық адам жайлы пікірлерімен сабақтасып жатады.
Әлемдік мәдениеттің тұлғасы – Абай Құнанбайұлы кісінің бойына біткен қасиетті іс-әрекетімен байланыстыра бағалайды. Отыз жетінші қарасөзінде «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді…», «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса оның өзінің замандасының бәрі виноват», «Дүниеде жалғыз қалған адам — адамның өлгені» дейді. Міне, ғұлама ақын айтқан осынау сөздерден оның туған халқын барынша сүйгенін кез-келген кемшілігін мінеп, соны жоюға күш салғанын, кертартпа топтарға қарсы тұрғанын білеміз.
Абай айтқан сөздердің кереметі де, міне сонда!

Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.