Әрбір сұраққа – орнықты жауап

0

Айшабибіліктердің айтары бар
Сейсенбі күні аудан әкімі Сәкен Арубаев пен аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков бастаған көшпелі қоғамдық қабылдау тобы Айшабибі ауылына ат басын бұрды. Құрамында аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары бар қоғамдық қабылдауда жер кезегі, асфальт, жарықтандандыру мәселелері назарға жиі ілікті.
Қабылдауға келген айшабибілік Жаңабек Діңкеев Байжігітов көшесіне жарықтандыру бағаналарының қашан орнатылатынын сұраса, ақсақал Зиятхан Мүслімов, Лекер Жылқыбаев, Оспан Әкімбеков Қ.Бүрлібаев, Байжігітов, А.Асқаров көшелеріне асфальт төсеу қажеттігін алға тартты. Қарияларды мұқият тыңдаған Сәкен Қаланұлы келер жылы бұл мәселелердің шешім табатынын тілге тиек етті.
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасында «Тіректі ауыл» жобасы бар. Бұл бағдарлама ауылды көріктендіруге, абаттандыруға, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Келер жылы ілкімді бағдарламаға Айшабибі ауылын кіргізу жоспарымызда бар. Қордаланған мәселелер осы жоба аясында толықтай шешімін табатын болады, – деді аудан басшысы С.Арубаев.
Қабылдауға келген айшабибілік Күлзипа Өтепбергенова несие берешегінен толықтай құтылғанымен, сот орындаушылары тарапынан қарыздың өтелмегені туралы хат жиі түсетінін айтып, көмек беруін өтінді. Тұрғынның сауалын назарға алған аудан прокуроры Қайыржан Еркінбекұлы мәселенің түбегейлі шешімін табуына ықпал жасайтынын атап айтты. Бұдан бөлек, сұрақтар қайтарымсыз несие, бос жұмыс орындары аясында болып, сала мамандары тарапынан толымды жауаптар қайтарылды.
Қаройлықтарды не толғандырады?
Қаройлықтарды толғандыратын жайларды халықтың өз аузынан естігенді жөн көрген көшпелі қоғамдық қабылдау тобы Кемел ауылы Қырғыз көшесінде бас қосты. Аудан әкімі Сәкен Арубаев бастаған жергілікті атқарушы орган өкілдері тұрғындардың сауалдарына толымды жауаптар қайтарып, мән-жайды түсіндіріп берді.
Қабылдауда болған тұрғындар – Бейсеналы Сүйерқұлов, Виктория Ажигулова Қырғыз, Мұқанов, Сұлусаз көшелеріне асфальт төселсе деген тілегін білдірсе, қария Құдабай Тәжібаев ауылдық амбулаториялық орталыққа дәрігер жетіспейтінін қынжыла жеткізді. Тұрғындар сауалын назарға алған Сәкен Қаланұлы көше жөндеу мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқанын, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында асфальт төселелетінін, аммбулаторияға аптасына екі рет дәрігердің баруын қамтамасыз етуге ықпал жасайтынын айтты. Бұдан бөлек тұрғындар тарапынан жер кезегі, жұмысқа орналасу, кәсіп ашу, қайтарымсыз несие алу бойынша сұрақтар түсіп, ақпараттандырылды.
Жалпақтөбеліктердің жағдайы қалай?
Аудан әкімі Сәкен Арубаев бастаған көшпелі қоғамдық қабылдау тобы бейсенбі күні Жалпақтөбе ауылында болды.
Қабылдауда ҚР Ішкі істер министрлігінің еңбегі сіңген қызметкері, ауданның Құрметті азаматы Сәпілмәлік Тәжиев ауылдық учаскелік инспекторлар жеке ғимараттан тапшылық көріп жатқанын айтса, ауыл тұрғыны Идрис Юнусов мәдениет нысанының жоқтығын қынжыла жеткізді. Тұрғындардың тілегін назарға алған аудан әкімі көтерілген мәселелерден хабардар екенін, жуық арада түбегейлі шешімін табатынын тілге тиек етті.
Сонымен қатар ауыл тұрғыны Автандил Мамытбеков ауылдық мешітте діни жоралғылар мен уағыздар мемлекеттік тілде насихатталмайтынын, Масанчи көшесіне асфальт, Жалпақтөбе көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған жолдың қажет екенін алға тартты. Басшылар бұл мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Қоғамдық көшпелі қабылдау тобы Гродекова ауылында соңғы қабылдауды өткізді.
Қабылдауға келген Азуеева Зарина, Жауатова Малика, Азуеева Нарина атаулы әлеуметтік көмек, қайтарымсыз грант бойынша ақпараттандырылса, спорт жанашыры Берік Жанболатов ауылға спорттық-сауықтыру кешені қажет екенін алға тартты. Жер кезегі, баспана мәселесі назарға алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.