Қордайлықтар қыста қысылмаудың қамына кірісті

0

Биыл Қордай ауданы бойынша 278 мың тонна шөп, 14 мың тонна пішендеме, 12 мың тонна сүрлем дайындау жоспарлануда. Мал азығын дайындауға жеке шаруашылықтармен қатар ауыл шаруашылық тауар өндірушілер де кіріскен. Ең бастысы шөп шабатын, жинайтын, орамаға түсіретін техникалар түгелдей жұмылдырылған. Ауданда алғашқылардың бірі болып Ноғайбай ауылдық округінің шаруалары бастап кетті. Қазіргі таңда ауылдағы «Свитанок» және «Ильясбеков» шаруа қожалықтарында қызу еңбек. Шаруалар Ноғайбай ауылының маңында жоңышқа шауып, бедені бастыруға белсене кірісуде. Қазір шаруалар үшін жауын аса қажет емес, піскен шөпті күнге қуратпай жылдам жинап алу қажет. Әзірге ауа райы қолайлы болып тұр. Мал азығына 140 тонна шөп жинауды жоспарлап отырған қожалық 60 тонна шөпті тасып алған. Күніне 16 тоннаға дейінгі шөп маяланып жиналады.
«Ильясбеков» шаруа қожалығы ірі қара мал мен ұсақ малды өсірумен айналысады, кейінгі кезде асыл тұқымды малды көбейтуге ден қойған. Сондықтан қысқы мал азығын дайындау бұл шаруа қожалығының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.
Шөп шабу науқаны аяқталғаннан кейін қос шаруашылық егін ору науқанына кіріспек. Барлығы 200 гектарға күздік бидай, 100 гектарға жаздық арпа еккен шаруалар мол өнім алуды көздеп отыр. Сонымен бірге, қос шаруашылық жұмысшылары құнды дақыл болып саналатын жүгері мен қант қызылшасын өсіруді қолға алуды жоспарлап отыр. Олар тәтті түбір сұранысқа ие болатынына сенімді, себебі қант қызылшасының азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызы зор, ал жүгерісіз ет әлеуетін арттыру мүмкін емес. Жүгері дәндері құрама жем жасауға, көк сабақтары сүрлем дайындауға жұмсалады. Шарулар қазір сол жұмыстардың есеп-қисаптарын жасау үстінде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.