Санитарлық талаптар – баршаға ортақ

0

Жамбыл ауданы әкімінің төрағалығымен өткен Жамбыл ауданындағы коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі аудандық штаб отырысында жауапты тұлғаларға аудан аумағында сақтық, қадағалау шараларын күшейту, тұрғындар арасында маскалық тәртіпті сақтау, кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандардың санитарлық талаптарға сай жұмыс істеуін зерделеу тапсырылған болатын. Аталған тапсырмаларды орындау мақсатында жауаптылар екі топқа бөлініп, сенбі-жексенбі күндері ауданға қарасты ауылдық округтерге рейдке шықты. Сауда нысандарын аралады. Нысандарда анықталған кемшіліктер бойынша акт толтырылып, дүкен иелеріне көшірмесі берілді. Сәйкесінше, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жұмыс тобына біз де ілескенбіз.

Жұмыс топтары Аса, Ақбұлым, Айшабибі, Қаратөбе, Жамбыл ауылдық округтеріндегі азық-түлік, құрылыс заттары дүкендеріне бас сұқты. Ең алдымен, топ мүшелері дүкеннің санитарлық тазалығына назар аударды. Қорғаныс құралдарына баса мән берді. Бірқатар кемшілікті анықтады. Анықталған кемшіліктер бойынша жеке кәсіпкерлердің атына акт толтырып, қатаң түрде ескерту жасады. Сатушыларға да, тұтынушыларға да төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, карантин жалғасып жатқанын, дүкенде бетпердесіз жүруге болмайтынын айтып, мән-жайды жете түсіндірді. Талап бәрімізге бірдей екенін сөз етті.

Байқағанымыздай, сауда нысандарының көпшілігі санитарлық талаптарға сай жұмыс істеп жатқан жоқ. Біз болған дүкендерде сақтық, тазалық шаралары тиісті деңгейде сақталмаған. Келушілер дүкенге емін-еркін бетпердесіз кіріп-шығып жүр. Шынтуайтында, кейбір дүкеннің есігінде «маскасыз кіруге болмайды» деген жазу тұр. Бірақ, ескертпеге мән беріп жатқан ешкім жоқ. Тұрғындар жұмыс тобынан сескенді ме, ұялды ма, әйтеуір арасында бетпердені қалтасынан шығарып, киіп жүргендер де болды. Кейбірі үйіне барып, бетпердесін киіп, айналып келіп жатты. Оларға тәртіпке бағынбаған азаматтарға әкімшілік айыппұл салынатыны туралы түсіндірілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.