Өсімдіктерді қорғау — басты міндетіміз

0

Жамбыл ауданы аумағында егілетін егіс дақылдары алуан түрлі болғандықтан, кездесетін аса қауіпті зиянды организмдердің де түрі жетерлік. Оларға үйірлі шегірткелер (азиат, марокко және итальян), зиянды бақашық қандаласы, бидайдың тат және септориоз аурулары, мақта көбелегі, саршұнақтар мен тышқан тектес кеміргіштер және өрмекші кенелер жатады.
2019 жылдың 28 қазанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осыған байланысты өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині салалары бойынша фитосанитарлық іс-шараларды, яғни, химиялық өңдеу жұмыстарын қаржыландыру ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өз қаражаты есебінен жүргізілетін болады және жұмсалған пестицидтердің құны ережеге сәйкес субсидияланады. Үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары мемлекет тарапынан жасалады, ал қалғандарына, атап айтар болсақ, зиянды бақашық қандаласы, бидайдың тат және септориоз аурулары, мақта көбелегі, саршұнақтар мен тышқан тектес кеміргіштер және қылшадағы өрмекші кенеге ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және Болжамдау әдістемелік орталығы» Жамбыл аудандық филиалының мамандарының зерттеп-анықтап берген дабылдық хабарламасына және аудандық аумақтық инспекцияның ескерту хатына байланысты химиялық жұмыстарды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өздері жүргізуі тиіс. Еліміздегі рұқсат етілген препараттармен міндетті түрде химиялық өңдеу жасалынады.
Осы орайда препараттармен жұмыс кезінде ережелерге сәйкес қорғаныс құралдарын толық сақтай отырып, босаған ыдыстарды залалсыздандыру қажет. Егiн өнiмiн, оның сапасын сақтау мен фитосанитариялық iс-шараларды жүзеге асыру кезiнде адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянын тигізбеу басты мақсатымыз болуы шарт.
Өсімдіктер карантині саласы бойынша жеміс ағашының бактериалды күйігі, қызанақ күйесі, қауын шыбыны және мемлекеттік жер қорындағы жатаған у кекіреге, арамсояуға қарсы химиялық өңдеу жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.

Х. НҰРБЕКОВ,
Қ. ҚАЛМАХАНБЕТОВ,
ҚР АШМ АӨК МИК Жамбыл аудандық аумақтық инспекциясының
бас мамандары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.