Қария жүрегіне қайғы салмайық

0

Алла тағала Құран Кәрімде («Иса» сүресі бұйырды) «Сендерге Раббың тек өзіне ғана бойұсынуды бұйрық, ата-аналарыңа жақсылық жасауды өсиет етті. Олардың біреуі, әйтпесе, екеуі бірдей қартайып қалса, «туф» деуші болмаңдар, зекіп, ұрыспаңдар. Екеуіне де ізетті болыңдар. Екеуіне де зор мейіріммен, кішіпейілдікпен бас иіңдер, «Раббым, мені кішкентайымнан мәпелеп өсіргендей сен оларға рақым қыл», – делінген.
Ата-анаға құрмет көрсету – парыз әрі шексіз сауап. Сондай-ақ, ата-ананы бұл дүниеде құрметтеп қана қоймай, бұл дүниеден өткен соң да оларды еске түсіріп, айтқан өсиеттерін бұлжытпай орындау керек. Олар үшін Аллаһ тағаладан кешірім тілеп, артынан дұға жасап тұру – перзенттік борышымыз.
Хадисте «Аллаһтың ризалығы – ата-ананың ризалығында, Аллаһтың ашуы – ата-ананың ашуында» деген. Сондықтан, ізгілік атаулының ең биігі – ата-ананың разылығын алу. Ата-ана бізді мәпелеп өсіріп, ер жеткізіп, азамат болуымыз үшін қолынан келген барлық мүмкіншілігін жасап тәрбиеледі. Сондықтан, біз де ата-анамызға құрмет көрсетіп, қартайған шағында олардың көңілін қалдырмай соңғы деміне дейін аялап қарауымыз керек.
Хадисте «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» деген.
Жалпы, бала дүниеге келген кезде пәк, Ислам болмысы негізінде туылады. Содан кейін ата-анға аманат етіледі. Ата-ана бұл аманатты тиісінше өз дәрежесінде орындауға тиіс. Бұл ретте бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі өте маңызды. Отбасы – тұлға шынығып, шыңдалып, қалыптасатын орын. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Міне, жанұя жағдайында баланың тұлғалық қасиеттері бірте-бірте қаланады. Содан кейін осы қаланған қасиеттер әдетте ешқандай өзгерістерге ұшырамайды да мызғымас тұлғалық тұтастыққа айналады.
Ата-анаға қарсы шығу – ең үлкен күнәлардың қатарында. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: – Сендерге күнәлардың ең үлкені қайсы екенін айтайын ба? – дегенде, сахабалары: «Иә, айтыңыз», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаһқа серік қосу, ата-анаға қарсы шығу, нақақ адам өлтіру, өтірік айту», – деп жауап берді.
Ислам діні бойынша ата-ана балаларына жас кезінен бастап жақсы-жаман және күнә-сауап нәрселерді үйретіп, әрбір іс-әрекетін қадағалауы керек.
Өз заманында Мөңке би бабамыз:
Құрамалы қорғанды үйің болады,
Айнымалы төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосатын
жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең ит те ішпейді.
Жас баладан биің болады.
Жас балшықтан үйің болар,
Ат жақсысы арбада болар,
Жігіт жақсысы саудада болар, – деген екен.
Баланың жарқын болашағы мен бақыты үшін тыным таппай шарқ ұрған ата-ананың балаға деген мейірімі мен өмірде тартқан тауқыметінің қандай болатынын айту өте қиын.
Жастар да өзінің бір күні ақ шашты кемпір-шал болатынын ойлануы керек. Қартайған кезде құрмет көргісі келсе, әке-шешесіне солай қызмет етуі қажет. Ақыретте бақытты болуды қаласа, әке-шешені риза етуге ұмтылсын. Әрі мына жалған дүниеде оларға қамқорлық танытсақ, өміріміз берекелі болады. Ол – құнсыз қазына. Пайғамбарымыз бір хадисте «Әке-шешесі қолында қартайып, жәннатқа кіре алмағанның жағдайы қандай өкінішті», – деді. Негізінде, Аллаһ тағала бізді жәннатқа лайық қылу үшін дүниеде шексіз мүмкіндіктер сыйлаған. Бұл Аллаһтың мейірімділігін танытады. Солардың бірі – әке-шешеге құрмет.

Өмір атты есіктен
кіріп біздің жанымыз,
Кешің батып бір күні,
атар бір күн таңымыз.
Жоғалса да байлық, мал,
жиған-терген дүние,
Жоғалмасын кеудеде
иман, ұят, арымыз.
Оңбай қалар ібіліспен
оң жағымен кезіккен,
Бөленгеннен шырылдап
әлдилеген бесіктен.
Еріншектік танытпай
білім ізде, бауырым,
Рухың шығып кеткенше
өлім атты есіктен.

Пайғамбарға тән мінез
ата-ананы қадірлеу,
Үлкен күнә, әрине,
ол жандарды жәбірлеу.
Жан-тәніңмен оларды
құрметтесең, бауырым,
Қолымыздан келеді
жәннаттан орын әзірлеу.

Ата-анаңызға қалай құрмет көрсетсеңіз, өз балаңыздан да солай құрмет көрерсіз. Өз балаңыздан қандай жақсылық күтсеңіз, ата-анаңызға сондай жақсылық істеңіз. Себебі не берсеңіз, соны аларсыз. Не ексеңіз, соны орарсыз. «Ата-анаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген. Ақ жаулықты, ақ шашты өз аналарымыз бен данагөй қарияларымызды ардақтайық, көңілдеріне қаяу, жүректеріне қайғы салмайық, ағайын!

Ғайырфулла қажы ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ,
Жамбыл ауданының
бас имамы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.