Ойдан кетпес соғыс оқиғалары

0

Менің 40 жылдан астам журналистік ғұмырымның ширек ғасырға жуығы Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің редакциясында өтті. Осында қаламым ұшталып, шығармашылығым шыңдалды. Осында «өмір мектебінен өттім» десем де болғандай. Қазір де сүйікті басылыммен шығармашылық байланыс үзілген жоқ. Ешқашан үзілмейтін де шығар!
Менің кейіпкерлерім әралуан болды. Арасында жас ұрпақты білім бұлағымен суарған мұғалім де, денсаулық күзетінде тұрған дәрігер де, зәулім сарайлар салған құрыш білекті құрылысшы да, егін алқабын жайқалтқан диқан да, шәй-шәйлап қой қайырып, құрулап жылқы иірген малшы да, жеті қат жер астынан алтын өндірген кенші де, бәрі-бәрі бар.
Солардың ішінде Отан үшін от кешкен соғыс ардагерлері мен жанкешті тірлікпен Жеңісті жақындатуға үлес қосқан тыл еңбеккерлерінің естелік-әңгімелерін толқымай отырып тыңдамау мүмкін емес еді. Бәрі де жүрек тебіренткендей әсерлі, қайталанбас сәттерімен қызықты. Кейбіреулері ойдан шықпайтындай ерекше оқиғаларымен есте қалған.
Бүгінде оқиға кейіпкерлері өмірден өтіп кеткен. Бірақ олардың ерліктері, олар айтқан естеліктер есте. Мен сол естеліктердің бір үзік сәттерін өзімнің сүйікті «Шұғылам» арқылы оқырманға ұсынуды жөн көрдім. Бұл менің ерлікке ескерткішім, ардагерлерге алғысым, сұм соғысқа қарғысым болсын!

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
ардагер журналист.

БҮКІЛ АУЫЛДЫ ЖЫЛАТҚАН АҚЖАЛ АЙҒЫР

Өткен ғасырдың сексен бесінші жылы. Сәуірдің аяғы. Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің редакциясында бөлім меңгерушісі қызметіндемін. Редактор Базар Қилыбаевтың тапсырмасымен Социалистік Еңбек Ері Байгелді Кейкиевтен сұхбат алу үшін Ерназар ауылына тарттым.
– Мен соғысқа қатысқан жоқпын. Тылдан майданға керекті азық-түлік, киім-кешекті жіберіп тұрдық, шамамыз келгенше. «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де жеңіс үшін!» ұранымен ғой баяғы. Тылда болғаны құрысын. Ажал сеуіп тұрған оқтан аулақтығы демесең, соғыстағыдан ауыр. Адамдардың мүшкіл хәлін көргенде, «қара қағаз» келіп қазасын естірткенде жан азабын шегесің. «Бұдан гөрі майданда жаумен шайқасқаным жақсы еді-ау!» деген кездер болды ғой, – деп бір тыныстап алды көзі тірі шежіре қария.
– Адам түгіл айуанды күйзелтті ғой бұл соғыс. Мен соны айтайын саған, жазып ал, – деп әңгімесін әрі қарай жалғады Еңбек Ері.
…Майданға Жамбыл стансасынан бір үйір жылқы жөнелттік. Ауылдағы мініске, шаруаға жарайтын жылқыны іріктеп алып айдап барып, вагонға арттық. Майданда арба, зеңбіректер сүйреу үшін пайдаланатын болса керек. Жылқыны жайдақ вагонға артты. Өткізіп ауылға қайттық.
Ауылда шаруаны жайлап, кешке қарай адамдармен әңгімелесіп тұрғанбыз. Ертеңгі тірлік, соғыс туралы ғой баяғы. Осы кезде Жұма жақтан шаң көрінген. Ауылға қарай ұрып келеді жалғыз қара. «Басыңа көрінгір, ауылға қарай шапқаны несі!» – деп қалды тұрғандардың бірі. Ырымшыл халықпыз ғой, бізге аттылы адам шауып келе жатқан сияқты көрінген. Жақындай келе айқындала түсті. Шауып келе жатқан жалғыз жылқы. Үстінде адамы жоқ. «Ой, мынау аттылы адам емес, Науаттың атасының ақжал айғыры екен ғой», – деп қалды тұрғандардың бірі. Ал, шауып келе жатқанда кісінеген айғырдың үнінен кісінің аза бойы қаза болғандай. Ерекше! Мен жылқының олай кісінегенін көрген емеспін, қанша жыл мал ішінде жүрсем де.
– Жануар-ай, мықты екен. Біз артқан вагонның ысырмалы есігін белдеу ағашпен мықтаған-ақ сияқты еді, – деп қалды жылқы айдап барғандардың бірі, – Одан қарғып шығуы мүмкін емес.
Адамдар ол кісінің таңданыспен айтқан сөзіне онша көңіл бөліп жатқан жоқ. Екі көздері жақындап қалған ақжал айғырда.
– Ойпырмай, жануар-ай! Сонау Әулиеата­дан ауылды тауып келгенін айтсаңшы!
– Қамбар ата түлігі текті ғой. Жылқы ауылды, жайылған жерін, үйірін айшылық алыс жерден де тауып келе береді. Мәселе аттылы кісінің бойы көрінбейтін вагоннан қалай шыққаны туралы болып тұр ғой.
– Біз артқанда, вагон онша тола қоймаған болатын. Келесі бір әкелінген үйірді артып жатқанда ашылған есіктен сытылып шыққан-ау шамасы!
– Сен де айтасың-ау, сытылып шығатын бұл адам ба еді?! Құдайдың құдіретімен шығып кеткен-ау жануар!
Әркім әртүрлі әңгіме айтып жатыр. Адамдардың көздерінде жас. Бәрі де киелі жануардың ауылға қайта айналып келгенін қан майданнан азаматтың аман оралғанындай қабылдаған сыңайлы. Көз жастары тыйылар емес.
– Жылқы киелі мал ғой. Азаматтарымыз жауды жеңіп, ауылға жеңіспен аман-есен оралады екен! – деді бір қария осы бір оқыс оқиғаны жақсылыққа жорып.
– Аузыңызға май! Айтқаныңыз келсін!
– Иншалла, періштенің құлағына шалынсын! – десіп жатыр барлығы да.
Содан кейін көңілге үміт ұялағандай болған.
Ауыл жаққа қарасам, еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін есік алдына шығып қарап тұр екен. Бәрінің де тамашалағандары – әлгі көрініс. Әйелдердің жаулықтарының ұшы көздерінде. Қарттардың да кемсеңдеп тұрғаны айтпаса да түсінікті. Кешегі қу соғыс айуанға да зардап шеккізді ғой…
Тоқсанға қарай аяқ басса да, Байгелді қарияның сөзі тың. Зерделі қарт «осылай да болғанды» аңғартып отыр.

БАТЫРЛЫҚТЫ БАҒАЛАУ

Рахымжан – қазақтың хас батыры. Жауды қанқұйлы ұясы Рейхстагта жер жастандырып қайтқан жеңімпаздың бірі, бірі емес-ау, бірегейі!
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, тағы да көптеген марапаттардың иегері, көп жылғы көршім Әсет Кемпіреков 1995 жылы Жеңістің 50 жылдығына орай Мәскеудегі мерекелік шеруге қатысып қайтқан сапарынан кейін әйгілі майдангер Рахымжан Қошқарбаев туралы осылай деді. Сәлем беру әрі сұхбат алуға барғанмын.
– Неге олай ерекше бағалай айттыңыз? – деп сұрадым мен. Әсекеңнің қандыкөйлек қару­лас досы, Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев туралы айтқан жақсы лебіздерін бұрын да естіп жүрмін ғой. Тіпті, батырдың жау ордасына шабуыл кезінде алты минөтте жүріп өтуге болатын жолды алты сағат бойы жер бауырлап жылжып өткенінде жауға бас көтертпей оқ жаудырып, жеңімпазға «жол ашқан» кіші лейте­нант Кемпірековтің взводы екені туралы әскери қолбасшы Штеменконың «Рейхстагқа ша­буыл» мемуарлық кітабында жазылғанын да біле­тін­мін. Біле-тұра Әсет ағаның ерекше си­пат бере сөйлеуіне қарай берілген сұрақ бұл.
– Мерекелік шерудің алдыңғы сапында келеміз. Сап алдында Рейхстагқа ту тіккізіп, «қолдан жасаған батырдың» біреуі Жеңіс туын көтеріп барады. Қайсысы екенін қайдам, біреуі қайтыс болып кетіпті. Нағыз батыр ретінде бағаламағаннан кейін оны білуге құлқым да болған жоқ. Бір сәт Рахымжан әлгі «қуыршақ батырдың» қасына жетіп барып қолынан туды жұлып алғаны:
– Хватит тебе носить Знамени Победы, теперь наша очередь! – деді де алға қарай алшаңдай басып жөнелді. Анау не десін, ол да қаусаған шал ғой. Қалбалақтап барып қасындағылардың сүйемелдеуімен құламай қалды, әйтеуір. Мен «Бірдеме шығып кете ме!» деп қауіп ойлағанмын. Қанша дегенмен Одақ тарап кеткен, жат ел, жат жердегі шеруде келе жатырмыз. Жоқ, олай болмады. Мен өзіммен қатар ілби басып келе жатқан бұрынғы әскербасылардың, генералдардың, гвардия полковниктерінің «Он прав! Он прав!» деп қоштай бас шұлғығандарын көріп, төбем көкке жеткендей күй кештім. Жаңағы бір қауіптен жұрнақ та қалған жоқ. Рахымжан қазақтың нағыз хас батыры ғой. Осы жолғы Жеңіс парадынан алып қайтқан олжам сол болды, Болат товарищ! – деп әңгімесін аяқтап еді Әсекең – Әсет Кемпіреков аға сөзінің соңын өзі сүйіп айтатын «товарищ» сөзімен тұздықтап.
Ал менің олжам сол бір тамаша сұхбат болған еді.

ЖЕҢІСПЕН ОРАЛТҚАН ОРАМАЛ

«Батыр аңғал келеді» деген рас, ҰОС ардагері, жауынгерлік Даңқ орденінің толық иегері Алахан Жапарбеков бір сұхбаттасып отырғанымызда «Соғыстан аман-сау, Жеңіспен оралуыңыздың сыры неде деп ойлайсыз?» деген сұрағыма «Аман-сау оралғаным – Сұлухан салған орамалдың арқасы» деп салғаны ғой ойланбастан.
– Батыр-ау, «бірінші Алланың, одан соң ауылдағы ата-анам мен ағайын-туыстың, елдің тілегінің арқасы» демейсіз бе! – деп қалды қасымызда отырған отанасы Сұлухан апай. Ақжарыла, ақтарыла айқан сөзіне ыңғайсызданып қалған Алахан ақсақал:
– Оның рас енді, бәйбіше. Дегенмен, жазған хатың мен орамалыңды алғаннан кейін жауға деген өшпенділігім артып, «ертерек елге қайтсам екен Жеңіспен, маған ақ тілегін арнаған Сұлуханға жетсем екен» деген ниетім болғанын несіне жасырайын, – деп жатты ақталғандай болып. Бәрібір батыр аңғал келетінін аңғартып қойды осы сөзімен-ақ.
Кестелі ақ жібек орамал,
Ақ тілек арнаған сүйген жар.
деп жазған ішінде хаты бар «Жауынгер жарым, сен есіңе ал!».
Ұлы сазгер Мұқан Төлебаевтың осы «Кестелі орамал» әні де майдандағы жауынгерлерге жігер бергені сөзсіз. Демек, бұл да Жеңіске қосылған үлес.
Соғыс кезінде елдегі қыз-келіншектер атынан арнайы хаттар жазылып, олар кестелеген орамалдар ерекше ерлігімен көзге түскен жауынгерлерге тапсырылған. Анық-қанығы Аллаға аян, «осындай іс-шаралар жауынгерлерді жігерлендіру үшін арнайы ұйымдастырылған» деген де сөз болған ел ішінде.
Мен білетін және Алахан батырдың өз аузынан естіген ақиқат ол кісі майданнан оралысымен ауылда аз күн демалысымен үшбұрышты үшбу хат пен кестелі орамалдың иесі Сұлухан сұлуды іздеп Қырғызстанға тартқан ғой бірден. Қасында туысы, ол да майдангер Үшкемпір Мырхалықов бар.
Алахан ақсақал сөйтіп қосылған Сұлуханымен «бір жастықта бастары бірге қартайып», дүниеге 11 ұл-қыз әкеліп, бақытты ғұмыр кешті.

ЖАЛҒЫЗ-АҚ ЖАУ ЖАЙРАТТЫМ

Соғыстың соңын ала 1926-шы, тіпті, 1927 жылы туғандар да әскерге шақырылып, Кеңес әскерінің резервтері толықтырылып жатты. «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі», бар ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз Сейдахмет Махашев та солардың қатарында болған. Педагогтік қызметті мұғалімдіктен бастап мектеп директоры, ұзақ жыл аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, зейнеткерлікке шығар алдында ауылдық кеңес төрағасы болып жұмыс істеген соғыс ардагері, марқұм Сейдахмет ағамыз бір сұхбаттасқанымызда былай дегені бар.
– Мен әскерге алынған 1944 жылы Кеңес Одағының аумағы басқыншы жаудан тазартылып, соғыс қимылдары Еуропа жерінде жүріп жатқан. Аздаған дайындықтан кейін мен Қырымға тап болдым. Онда да анау-мынау емес, атақты Ялтадағы әскери бөлімшеге. Бұл өзі фашист Гитлердің көкейін тескен Қырым ғой. Ал, Ялтада Германияға қарсы үштік одақ – АҚШ, Ұлыбритания және КСРО басшылары Ф.Рузвельт, У.Черчилл мен И.Сталин мәжіліс өткізгені мәлім. Ол оқиға тарихта «Ялта конференциясы» атымен мәлім. Әскерде тыныштық болған ба, кешке дейін ұрыс ойындарына машықтану, әртүрлі спорттық жаттығулар, саяси оқу… әйтеуір, бос уақыт жоқ.
Кезегімен маңайдағы нысандарға күзетке тұрамыз. Қандай нысанды күзетіп тұрғанымызды өзіміз де білмейміз. Әскери құпия.
Кезекті күзетте тұрмын. Қорған ба, қамал ма, әйтеуір, ескі заманғы үлгіде салынған ғимарат әсемдігімен көз тартады. Заманында бір билеушінің демалыс орны, яки патша сарайы болған-ау шамасы. Айналасын теңіз суы қоршап жатыр. Табиғаты тамаша! Әріде қаракөк тартқан теңіз айдыны жатыр ұшы-қиырсыз. Менікі түн жарымнан кейінгі ауысым еді. Таңға жуық болуы керек, әлгі қамал-қорғанның мен күзетіп тұрған бетінде бірдеңенің ысылдаған ба, әлде суылдаған ба дыбысы естілгендей болды. Жарықтандырылған аумақтан сәл әрірек қаракөлеңкелеу тұста салбыраған сұлба көргендей болдым тесіле қарап тұрып. Анық адам. Арқанмен жоғары өрмелеп бара жатқанын немесе төмен түсіп бара жатқанын аңғару мүмкін болмады қараңғыда. Алдымен ескерту жасауым керек қой, мен әй-шәйға қарамастан атып салдым. Әлгінің қимылы әбжіл. Маған тез жоғары өрмелеп кететіндей немесе төмен түсіп кететіндей көрінген соң асыққаным. Бірдеңе төменге салдыр-гүлдір қатты дыбыспен құлап түскендей. Әлгіден ышқынған адам даусы шыққандай. Солай болды ма, жоқ па, әлі күнге анығын айта алмаймын. Өйткені, құлаған заттың салдыр-гүлдір дыбысынан басқа ештеңе есту мүмкін емес еді.
Қарауылға ілінген зат төмен құлап түскендіктен, күзет қосынын тастап олай қарай жүгіре жөнелгенім жоқ. Ол әскери жарғыға қайшы.
Ертеңіне командир «Махашев, молодец!» деп арқамнан қақты. Араға апта салып полк командирі сап алдында жауынгерлік қырағылық көрсеткенім үшін «Ерлігі үшін» медалін омырауыма тақты.
Көп ұзамай соғыс бітті. Тағы да шамалы әскери қызмет атқарып, Сталиннің мұғалімдерді босату жөніндегі бұйрығына сай елге қайттым. Өңіріме сол медалім ғана жарқырап сән беріп тұрды.
– Сонда кімді атып түсірдіңіз?
– Өзім де білмеймін. Ұрыс қимылдары алыста. Соған қарағанда менің атып түсіргенім жаудың жауапты тапсырмасымен түсірген десанты немесе бізді іштей ірітуге жіберген жансызы-ау деймін.

ҮШ-АҚ КҮН СОҒЫСЫП ҮЙГЕ ҚАЙТТЫМ

Аса ауылында тұрамыз. Ұлы Отан соғысының ардагері Сапарқұл Қалисаев ақсақал көршіміз. Жыл сайын Жеңіс мерекесінде көршілер жиналып барып, Сапекеңді құттықтау – қалыпты дәстүріміз.
Сондай бір мерекеде Темірхан көрші «Жездеке, қанша немісті өлтірдіңіз?» деген сұрақпен Сапекеңнің мазасын алғаны.
– Әй, Темірхан қайным, пәлен неміс өлтірдім деп өтірік айтар жайым жоқ. Әйтеуір, ұрыс кезінде автоматты алға кезеп тырылдатып атып жатамыз. Жауға тиді ме, жоқ па? Ол жағын кім есептеген, – деп әңгіме бастаған ардагер ақсақал әрі қарай сөзін былай жалғаған:
– Әскерге алынғаннан кейін шамалы оқу-жаттығудан өткізіп, соғыстың алдыңғы шебіне апарды.
Бөлімшеге түскен күннің ертеңіне шабуылға шықтық. Жауды тықсырып-ақ келе жатқанбыз, бір кезде артынан қосымша күш қосылған жау бізді қуа жөнелсін кері қарай. Қаша жүріп соғысып келе жатып шалшыққа түсіп кеткенім. Немістер үстімнен өтіп жатыр. Бас көтеруге мұрша жоқ. Оқ қарша борап тұр. Амал жоқ, судан мойнымды қылтитып, басымды шылаумен бүркеп тұра бердім.
Көп ұзамай біздікілер күш алып жауды кері қарай қайта қуды. Тағы да екі жақтан бораған оқ. Мен күздің дене қарыған қара суығында судан басымды қылтитып әлі тұрмын. Содан ұрыс тоқтап, қараңғы түскенше тұрдым. Жан тәтті ғой, жаурағанымды да сезбеген сияқтымын.
Төңірек қараңғылана судан шыққанмын. Жүруге әл-дәрменім жоқ. Тісім сақылдайды. Әлгі көлшіктен көп ұзамай-ақ есімнен танып құлаппын.
Ертеңіне санитарлық бөлімше қызметкерлері тауып алыпты. Бірден госпитальға жатқызған. Қос өкпеден суық тиіп қарайып кетіпті. Алты ай емделіп, «ұрысқа жарамсыз» деген қорытындымен елге қайттым. Міне, білгің келсе, анығы осы.
Соғыста не болмаған? Ешкімді де сен ерлік жасамадың деп жазғыруға құқымыз жоқ. Оларды оқ-дәрінің иісін иіскеп, Отан үшін жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысқандары үшін-ақ құрметтеуіміз керек.
Сапарқұл Қалисаев ақсақал бейбіт майданындағы жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденін омырауға тағып, «Коммунистік еңбектің екпіндісі», «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Бесжылдық озаты» төсбелгілерімен марапатталған.
Аса ауылдық округі жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде ардагерлер қозғалысының дамуына қосқан үлесі зор марқұмның.

Leave A Reply

Your email address will not be published.