Абайды ұлықтау — ұлағатты іс

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Абайдың 175 жылдығына орай жазылған «Абай және XXІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқығанда данышпан адамның азаматтық, адалдық қасиетін таныта білген бұл еңбектің орны бөлек екенін аңғардым. Өз халқының болашағы үшін жан-дүниесін қинап, зар заманның зарпын татқан Абай өмірі кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге болып қалды. Ол халық жүрегінен орын алған дара да дана тұлға екені анық.
Ұлы ақынның ағартушылық, өнер-білімге шақырған өлеңдері бүгінгі күнмен сабақтасып жатыр. Қазір қазақ халқы Абай армандаған асуларды алып, ғылымның сан-салалы кезеңдерінен өтті. Данышпан Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлағатын темірқазық ретінде ұстанып, тәуелсіздік берген тарихи мүмкіндікті толықтай пайдалану – әр қазақ азаматының парызы екені мақалада айқындала түскен.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абайдың сөзі кеше ғана ұстаздар үшін жарық көрген «Педагог мәртебесі» туралы заңмен үндеседі. Хакім Абайдың мұраларын ұлықтау әр ұстаздың міндеті мен борышы болып табылады. Абай салған сара жолмен жүретін болсақ, Абай көрсеткен биіктерге жетеріміз анық. Осы жолда ұстаздар қауымы бүгінгі заман талабына сай еңбек етуі тиіс деп ойлаймын. Рухани дем берген мақала білім беру үдерісіне үлкен жауапкершілік жүктейді.

Халима ОСПАНБЕКОВА,
Төле би атындағы орта мектептің мұғалімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.