Рухани жаңғыруымыздың жарқын үлгісі

0

Ойшыл Абай туындыларының әрқайсысы жеке зерттеуге, арнайы көсіліп жазуға сұранып тұрған рухани қазына деп айтуға болады. Сыры мен жұмбағын ішіне бүккен шығармаларының маңызы өте зор. Онда ақынның бүкіл өмірі бейнеленген. Жарқын болашағы мен армандары туралы баяндалады. Оның уайымдаған мәселелері қазіргі заманға сай келеді.
Адамзаттың ақылманы ең алдымен ұлтын шексіз сүюдің қандай болатынын көрсетті. Сынады, сынау арқылы ұлтының өсіп-өркендеуін көздеді. Абайдың бір ерекшелігі – надандықтың орнына білімпаздықты, тайталастың орнына татулықты, даңғойлықтың орнына даналықты сіңістіріп, халқымыздың рухани қасиеттерін паш еткендігі. Бұл оның тым тереңдігін аңғартса керек.
Абай Құнанбайұлының мұрасын ұғыну ғасырдан ғасырға жалғаса береді, оның мағыналы өлеңдері ешқашан өзінің мәнін жоғалтпайды. Яғни, ұлтты тәрбиелеймін десек, Абайдың шығармаларымен сусындату керек. Себебі, ғұламаның адам бойындағы қасиеттер – адамгершілік тәрбиесі, еңбек ету, білім және ғылым, ұлттық рух пен әділеттілік жайлы жазғандары өшпес мұра болып қала береді. Абай қалдырған ілімді тану арқылы біз болмысымызды танып, болашағымызды бағдарлаймыз.
Хәкім Абай өз шығармаларында ұлтымыздың, жалпы қазақ қоғамының кемшіліктерін ашық сынап, оны болдырмаудың жолдарын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы туралы айта келе, оны бүгінгі қазақ қоғамының ахуалымен байланыстырып, Абай сынаған кемшіліктер қоғамымызда бүгін де орын алатынын, бұл сыннан барлығымыз, оның ішінде барлық деңгейдегі әкімдер мен Үкімет мүшелері де қорытынды шығарулары тиіс екенін айтады. Яғни, ел Президентінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы бізге алдағы уақытта не істеу керек деген сауалға толық және жан-жақты жауап беріп отыр. Оның пайымдауынша, біз Абай өсиеттерін басшылыққа алып Абай жолымен жүретін болсақ, ұлтымыздың рухы да, ұяты да, намысы да, дамуы да жоғары болады. Сондықтан баршаға айтқым келетіні, мақаладағы тұжырымдарды санамызға сіңіріп, Абай жолымен жүрейік.

Шолпан ШАЙДАЕВА,
Қаракемер ауылдық кітапханасының меңгерушісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.