Бар бала бақытты болуға лайық

0

Халықаралық балаларды қорғау күні елімізде жыл сайын атап өтіледі. Бұл мереке жүрегі пәк балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың құқығын қорғап, әлімжеттік пен қысым көрсетпеуге үндейді. Еліміздің әрбір азаматын жетім, тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларды қорғауға шақыратын мереке бұл.
Деректерге сүйенсек, 1949 жылы Парижде әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясының арнайы сессиясында бұл күнді атап өту туралы шешім қабылданған. Сөйтіп, ең алғашқы Халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілген.
Баланың бойындағы кез келген жақсы-жаманды қасиетті байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейтіні тегін болмаса керек-ті. Сондықтан олардың өмірін қорғау, денсаулығын сақтау, сапалы білім мен саналы тәрбие беру – біздің міндетіміз. Жас ұрпақты адамгершілікке, әділдікке тәрбиелеуіміз керек.
Қазақ халқы баланы дүниедегі барлық асылдан жоғары бағалаған, болашағына, арманына балаған, бар жақсыны аямаған. Оларға мемлекет тарапынан да қамқорлық көрсетіліп, әлеуметтік ортаға бейімделуіне барлық жағдайды жасауда. Бұл туралы елімізде арнайы «Баланың құқықтары туралы» Заң да қабылданған. «Ұл тәрбиелей отырып жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз» деген. Сондықтан да ұлт болашағы – балаларды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу – өз қолымызда.
Биылғы оқу жылы да аяқталып, балалардың емін-еркін сайран салатын жазғы демалысы да келіп жетті. Негізі, мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру, денсаулығын түзеу, пайдалы істерге тарту шаралары қай кезде де әлеуметтік өзекті мәселелер қатарынан түскен емес. Осы орайда биыл аудан бойынша жазғы сауықтыру лагеріне жетім балалардың, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасы балаларының, мүгедек және даму мүмкіндіктері шектеулі балалардың, жайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан, полиция бөлімі мен мектепішілік есептегі, қауіп тобына алынған, облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған, жалпы білім беретін мектептердің үздік оқушыларының сауықтыру демалысын ұйымдастыру мақсатында «Тау самалы» жазғы сауықтыру лагеріне 437 баланы апару жоспарланған.
Елімізде жарияланған карантин жағдайына сәйкес мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы тоқтатылуына байланысты балалар қосымша білім беру мекемелеріне баратын болады. Қазіргі таңда М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің қабырғасында жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша жоспар құрылған. Сонымен қатар, өнер мектебінің филиалдары орналасқан Бірлесу-Еңбек, Б.Тайшапұлы, Қ.Сартбаев, Ә.Ысмайылұлы, Гродеково орта мектептерінде балалардың бос уақыттарын қызықты өткізу көзделген.
Болашағын ойламайтын ел жоқ. Сондықтан келешектің сұлбасын көрсететін бүгінгі игі істерге шынайы жауапкершілікпен қараған жөн. Балаларды қорғау күні олардың өмірін қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы осындай десек, артық айтқандық емес.

Leave A Reply

Your email address will not be published.