Келді бүгін сексеннің сеңгіріне

0

Тегінде адамның болмысын сөйлеген сөзінен, ілкімді ісінен, қимыл-қаракетінен, өмірге, өңірге, тәрбиеге деген көзқарасынан тануға болады.
Ауыл тұрғыны, қоғам белсендісі Сағадилда Үйсінбайұлын ту сыртынан алғаш көрген жан оны алпыс жастағы ауыл ағасы деуі мүмкін. Шындығында, Сәкең сексеннің сеңгіріне шығып отыр.
Сөз басында тәрбиеге деген көзқарас деп қалдық. Бұл тұрғыда айтарымыз, ата-ананың балаға деген шынайы махаббаты ұл-қыздарына да жұғысты болса керек. Әке мен ананың тәрбиесін бойына сіңірген Сәкеңнің үлкен қызы Рима туған інісі Нұрғазы екі бүйрегінен зардап шегіп қиналғанда шыдай алмастан өз келісімімен бауырына бір бүйрегін берген. Бүгінде сол Нұрғазы үйленген, ұл-қыз сүйіп отыр.
Берілген тәрбиенің бағасын осыдан-ақ аңғаруға болар.
1940 жылдың 1 маусымында Талас ауданына қарасты Кеңес ауылында дүние есігін ашқан Сәкең агроном мамандығы бойынша Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орнын тәмамдап, «Аса» совхозында, Қаламаңындағы совхозда, «Қызыл-Октябрь» колхозында, туған ауылында бас агроном болып ұзақ жыл қызмет етті. 1997 жылы зейнетке шықты.
Жұбайы Кенжекүл екеуі бүгінде Рима, Рита, Нұрғазы, Жанат, Гаухар есімді ұл-қыздарынан алты немере, төрт шөбере сүйіп отырған жайы бар. Отағасы мен отанасы ретінде бүкіл Жамбыл ауылдық округіне танымал. Айтқандайын, шаруашылықтарда қызмет етіп жүрген жылдары облыс, аудан, ауыл басшылары тарапынан алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары өлшеусіз еңбегін айғақтаса керек. Бұл марапаттардың қатарына «Аудандық ардагерлер кеңесінің құрылғанына 30 жыл» медалі қосылды.
Ол 80-ге келдім деместен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр. Еңбек ардагерінің Шайқорық ауылына газ, ауызсу кіргізу, көгалдандыру және тазалық жұмыстары бойынша талай мәселе көтеріп, оның сапалы орындалуына бас-көз болғанын жерлестері ұмыта қоймас.
Сексенге келсе де, аттан түспеген Сағадилда Үйсінбайұлын мерейтойымен құттықтап, отбасына амандық, денсаулық тілейміз.

Орынбай РЫСБАЕВ,
Жамбыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жамбыл ауданының
Құрметті азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.