Жерді тиімді пайдаланып жүрміз бе?

0

Жер-ананың құшағы кең. Жан-жануар да, аң мен құс та, жолдар мен тау-тас та, көл мен шөл де, тал-дарақ та, арық-атыз да, егіндік алқап та, орман мен су да дархан даланың құшағына сыйып кеткен.
Сол шеті мен шегі жоқтай көрінетін кең байтақ еліміздің бір түкпірінен Жамбыл ауылдық округіне де жер бөлінген.
Жер демекші, осы округке қарасты Бесжылдық ауылының жерін басып өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралінің қос қапталына көз тастасаңыз, көкке тұнып тұр. Мұнда арпа, жоңышқа, жүгері, пияз және басқа да дақылдар орналастырылған.
Дерек көзіне сенсек, осында яғни, үлкен жолдың екі шетіндегі округке тиесілі жерде 40 шаруа қожалығы ерте көктемнен жер-анаға бас иіп, қам-қарекеттерін жасауда екен.
Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Беркінбек Бижігітов, «ҚазСуШар» РМК Аса өндірістік бөлімшесінің басшысы Есенбек Қалдыбеков және Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақыт Садырбаевпен бірге округ аумағында орналасқан егіндік алқаптарын аралау үшін жолға шыққанбыз.
Әрине, бәріміздің ойымызда «Жер пайдаланушылар жерді тиімді пайдаланып жүр ме?» деген сұрақтың жауабын білу болатын.
Бардық. Көрдік. Өскіндер бой көтере бастаған. Судың басы болған соң, олар судан тарыға қоймаған. Ауыл әкімі Бақыт Жұмаділұлы бұл тұста 750 гектар жер бар екенін, оның 61 гектары тәлімі, 689 гектары суармалы екенін айтқан.
Аудан бойынша егістікке арналған 64057 гектар жер болса, оның ішінде суармалы жер 32831 гектарды, тәлімі жер 31226 гектарды құрайды. Көпжылдық екпелер үшін 1596 гектар, шабындық 10098 гектар, жайылым 279480 гектар, бөгде жер 75570 гектар аумақты алып жатыр. Жалпы барлық жер көлемін санаттары бойынша айтар болсам, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 241486 гектар, елді мекендердің жері 28182 гектар, өнеркәсіп, көлік байланысы, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге жер 9965 гектар, орман қоры жері 1220 гектар, босалқы жер 24165 гектар, жалпы жер көлемі аудан бойынша 430805 гектарды құрайды, – деді.
Жерге бай өңір халқы жер төсінде аянбай тер төксе, тұрмыстық жағдайлары жақсаратынына кәміл сенесің.

Дүйсенбек ОРМАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.