Ұлт санасынан өшпейді

0

Өткен ғасырда қазақ жерінде болған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілді. Бұл – өткен тарихымызды түгендеп, бүгінгімізге шүкіршілік ететін, Тәуелсіздігімізге тәу етіп, болашағымызды бағамдайтын күн.
1925 жылы Қазақстанда «Кіші Қазан» төңкерісі ұйымдастырылды. Қазақ ауылдарын кеңестендіру, жайылымдық-шабындық жерлерді бөлу және бай шаруа қожалықтарын тәркілеу соңы ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. 1928 жылы Алаш қайраткерлері «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айыппен тұтқындала бастады. Сонымен қатар молдалар мен діндарлар «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыпталды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Тарихи деректерге қарағанда, 1921-1954 жылдары «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың басым бөлігі зиялылар: ғалымдар, мәдениет, саясат және қоғам қайраткерлері еді. Қуғын-сүргін жылдары КСРО-ның түкпір-түкпірінен Қазақстанға саяси тұтқындар мен халық жауының туыстары депортацияланды. Сарыарқаның сайын даласы үлкен түзету лагеріне айналды. Оның құрамында халық жауларының әйелдеріне арналған АЛЖИР, әскери тұтқындарға арналған Спасск, ҚарЛаг, СтепЛаг атты еңбекпен түзету орындары жұмыс істеді. Жазықсыз жапа шеккендердің көз жасы мен қолының табы қалған қасіретті орындар бүгінде музейге айналды. 1920-1922 жылдары және 1932-1933 жылдары әдейі ұйымдастырылған жасанды зауалдан, яғни ашаршылықтан қазақ халқы қатты зардап шекті. Аштық салдарынан 3 миллионға жуық адам құрбан болды. Аман қалғандарының бір бөлігі басқа елдерді паналады.
Тағдыры талқыға түскен Ұлы даланың қасиеті мен халқының қасіретін әрбір ұрпақ білуге тиіс. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың рухы мәңгі өлмесе керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.