Депутаттар құрылыс нысандарын аралады

0

Бүгінде елімізде баспана мәселесі өте өзекті. Баспаналы болғысы келетін адамдардың саны жылдан-жылға артуда. Мемлекет тарапынан бұл түйткілді шешу үшін қажетті бағдарламалар қабылданып, тиісті шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мемлекет халықты, оның ішінде осал топты, жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Білім саласына да көптеп көңіл бөлінуде. Әсіресе, мектеп мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ауылдарда бұл мәселе күрделірек. Балалардың саны көбеюіне байланысты кей жерлерде мектеп жетіспейді. Сол себепті, балалар көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр.
Ауданымызда бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Соңғы жылдары аудан аумағындағы елді мекендерде үш қабатты екі тұрғын үй, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, балабақшалар соғылып, ел игілігіне пайдалануға берілсе, биыл бірқатар әлеуметтік нысан бой көтермек. Олардың қатарында мектеп те, тұрғын үй де бар.
Ауданда құрылыс жұмыстары қалай жүріп жатыр? Жұмыстың сапасы қандай? Осыны білу мақсатында аудандық мәслихаттың депутаттары Нұрсұлтан Сматов, Данияр Жузанов, Бегалы Ералиев, Индира Тоғанбаева, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Қуаныш Қарашолақов құрылыс нысандарын аралап көрді. Аса ауылындағы бес қабатты 76 пәтерлі тұрғын үйдің, Жамбыл ауылындағы 100 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Іс басында жүрген жауапты тұлғалармен жолығып, әңгімеге тартты. Олардан жұмыс барысы туралы сұрап, мән-жайдан құлағдар болды. Құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылуына назар аударды. Бақылау бар жерде жұмыс жүйелі жүретінін, аудандағы құрылыс нысандары мәслихат депутаттарының назарында екенін жеткізді.
Бұл екі нысанның құрылысы жақында басталған. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Құрылысшылар іске белсене кіріскен, арнайы техникалар тартылған.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.