Қордаланған мәселелер шешілмек

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен пандемияға байланысты онлайн-форматта өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында адам капиталын дамыту, білім беру, денсаулық сақтау мәселелері талқыланды.
Жаһанды жайлаған коронавирус инфекциясы бүкіл әлемді әлекке салып қойды. Біздің елді де айналып өтпеді. Қауіпті індетпен медицина қызметкерлері күн-түн демей күресіп жатыр. Алдыңғы шепте жүрген де, бүгінгі күннің батырлары да солар. Қазір ел азаматтары дәрігерлердің қадірін түсінді. Дегенмен, пандемия еліміздегі медицинаның кемшін тұстарын да көрсетіп берді. Бұны мойындауымыз керек.
Осы аптада өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында елдегі денсаулық саласы, медицина кеңінен сөз болды. Басқосуға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясының бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін ауыр сынақ болғанын, бұл ахуалдың елімізде кәсіби дәрігерлердің тапшы екенін аңғартқанын, бұған еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқының қорғалмауы себеп болып отырғанын атап өтті. Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруды, медицина инфрақұрылымын дамытуға байланысты бірқатар мәселені, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау ісінің тиімді үлгісін жасау шараларының орындалуын, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейтуді және институционалдандыруды қатаң бақылауға алуды, сондай-ақ, елімізді дәрі-дәрмектермен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.
Бұл өзекті мәселелер дер кезінде көтеріліп отыр. Алдағы уақытта тиісті шаралар қолға алынса, реформа жүргізілсе, денсаулық саласында қордаланған мәселелер шешілер еді. Жалпы, денсаулық саласына, сала қызметкерлеріне қолдау қажет-ақ. Сол қолдау мемлекет тарапынан көрсетілетіні көңілге қуаныш ұялатады. Бұл бастамалар тиімді жүзеге асырылса, еліміздегі медицинаның сапасы айтарлықтай артатыны, денсаулық саласының дамитыны анық.

Нұрлан КЕЗЕМБАЕВ,
Жамбыл аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.