Сақтық шаралары күшейтіледі

0

Апта аралығында аудан әкімі Сәкен Арубаев Жамбыл ауданындағы коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі аудандық штаб мүшелерінің қатысуымен штаб отырысын өткізді.
Басқосуда Аса ауылындағы блок-бекетте қадағалау шараларын күшейту, блок-бекеттерге медицина қызметкерлерінің тәуліктік кезекшілікке тұруын ұйымдастыру, кезекшілікте тұрған медицина қызметкерлеріне бір реттік қорғаныш костюмдері мен екі пирометр берілуін қамтамасыз ету, тәртіп сақшыларының күнделікті рейдке шығып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, аудандағы кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандардың санитарлық талаптарға сай жұмыс істеуін күнделікті зерделеу, анықталған кемшіліктер бойынша шара қолдану, карантин режимін сақтамаған, әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген азаматтар жайлы, аудан тұрғындары арасында маскалық тәртіпті, сауда, қоғамдық орындарда арақашықтықты сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілгендігі туралы ақпараттың әлеуметтік желіге жариялануын қамтамасыз ету секілді мәселелер кеңінен сөз болып, жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселелерге жеке-жеке тоқталған Сәкен Қаланұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Жауаптыларға сақтық шараларын күшейтуді, карантин кезінде халық көп шоғырланатын жерлерде тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. «Сақтық шараларын күшейтіңіздер. Жағдайды бақылауға алыңыздар, қадағалаңыздар. Халықты ақпараттандыруда әлеуметтік желіні тиімді пайдаланыңыздар. Жұмыс орындары маскамен қамтамасыз етілуі тиіс. Жиналыстар онлайн режимінде өтуі керек. Қазіргі жағдайда салғырттыққа, немқұрайлылыққа жол беруге, босаңсуға болмайды», – деді өз сөзінде.
Айта кететін жайт, Жамбыл аудандық полиция бөлімінің әлеуметтік желіде жарияланған ресми ақпаратына сүйенсек, ауданда карантин режимін бұзған 81 адамның 9-ы әкімшілік қамаққа алынса, 5-еуіне айыппұл салынған. 54 азаматқа ескерту жасалса, 13 азаматқа қатысты әкімшілік іс қысқартылған. 81 адамның 21-і блок-бекетте, 60-ы көшеде тәртіп бұзған.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.