Мәдениет қызметкерлері марапатталды

0

Биыл еліміздегі жағдай өзгеше болып тұр. Қауіпті дерттің ел аумағында таралуына байланысты халықтың басым көпшілігі үйінде отыр. Солардың бір сәт көңілін аулап, жүзіне күлкі, жүрегіне қуаныш ұялатып жүрген өнер адамдары екені рас. Бұл күнде олар халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, жігерлендіру үшін онлайн режимде концерт беріп жатқаны белгілі. Өнер адамдары халықпен бірге екендерін көрсетіп жүр.
Жамбыл ауданында да осылай. Аудан өнерпаздары түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, әлеуметтік желілер арқылы жергілікті жұртшылықтың назарына ұсынуда. Соның арқасында көпшіліктің ықыласына бөленуде.
Таяуда мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні атап өтілді. Айтулы күнге орай аудандық Мәдениет үйінде онлайн режимде мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сахна төрінде облысқа, республикаға танымал өнерпаздар, «Аса сазы» халықтық би ансамблінің ұжымы ән айтып, би биледі.
Таяуда аудан әкімі Сәкен Арубаев сала қызметкерлерін арнайы қабылдады. Олардың қоғамдағы орны ерекше екенін сөз етіп, еңбегімен еленген қызметкерлерге марапатын табыс етіп, гүл шоқтарын ұсынды.
– Қазіргі жағдайды біле­сіз­дер. Төтенше жағдай режимі аяқтал­ғанымен, карантин біткен жоқ. Осы кезде халыққа қолдау білдіріп, онлайн концерт беріп жүрсіздер. «Біз біргеміз!» челленджіне үн қосып жатырсыздар. Сол үшін де сіздерге рахмет айтамын. Сіздердің қоғамдағы орындарыңыз, жөндеріңіз бөлек, ерекше. Сіздерді жастар үлгі тұтады, халық сыйлайды. Сіздер қашанда құрметке лайықсыздар, – деген Сәкен Қаланұлы мәдениет қызметкерлеріне шығармашылық табыс тіледі.
Басшыдан кейін сөз сөйлеген «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Эльмира Дутбаева кітапхана ісін, мәдениет саласын дамытуға жылдар бойы елеулі үлес қосқан сала қызметкерлері Ләззат Құрманхожаеваны, Әмірсейіт Монтаевты, Нұрила Исаеваны Құрмет грамотасымен марапаттап, облысқа белгілі режиссер Әмірхан Қошмановтың кеудесіне «Еңбек даңқы» төсбелгісін тақты.
Ауданның мәдениет саласындағы жемісті еңбегі, саланың дамуына қосқан үлесі үшін аудандық Мәдениет үйі мен орталық кітапхананың бір топ үздік қызметкерлері – Нұржан Шағалиев, Жанат Ақшалова аудан әкімінің Алғыс хатымен, Индира Қадыралиева, Жексенбек Серғараев, Айнаш Оспанова, Сабира Зиябекова аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Сейілғазы Тәңірберген «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасымен, Сағи Мұздыбай аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен, Дархан Шораев, Әділбек Тілеухан ауданның Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапатты олар аудан әкімінің қолынан алды.
Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев, аудандық Мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаева, орталық кітапхананың директоры Аида Қалисаева өздеріне құрмет көрсетіп жатқан басшыларға әріптестерінің атынан жылы лебіздерін білдірді.
Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Қуаныш Қарашолақов қатысып отырды.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.