Талаптарды орындаған жөн болар

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде: «Мемлекеттік комиссияға елорданың үлгісімен еліміздің барлық аймағында өз жұмыстарына кірісетін мекемелердің тізімін жасау тапсырылды. Бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керек, ал қалғандары өз ретімен. Бірақ барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіп тұру қажет. Күнделікті өмірде әлеуметтік арақашықтықты ұстанған жөн» деп атап көрсеткен болатын.
Осы ретте ауданымызда бірқатар кәсіпкерлік нысандар жұмыс істеуге рұқсат алып, өз істеріне кірісті. Кәсіпкерлердің жұмыс орындарындағы санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Гүлшат Ерімбетова, аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Талғат Шынтасов пен статист маманы Асқар Ажиханов апта аяғында бірқатар нысанның санитарлық жағдайымен танысып қайтты.
Ең алдымен олар Бесағаш ауылы Бейбітшілік көшесінің бойындағы «Гүлжан» азық-түлік дүкеніне барды. Мұнда кіреберісте арнайы антисептик әзірленбеген, ал қол жуатын орын таза емес. Есіктің сыртында «Маскасыз кіруге болмайды» деген хабарлама жоқ, адамдар емін-еркін кіріп-шығып жүр. Дүкен сатушысының өзі маска, қолғапсыз тұрған соң, қалғандарынан не қайыр?
Одан кейін жұмыс тобы Жеңіс көшесіндегі «Қонақбай» дүкеніне барды. Аталған орында санитарлық тазалық талаптары ішінара сақталған. Дүкен сатушысы «Адамдарға маскасыз кірмеңдер десем де, құлақ аспайды» деп шағымын айтты. Жұмыс тобы тарапынан есікті кілттеп адамдарды жекелеп кіргізіңіз деген ұсыныс берілді. Сатушы келісті. Сәлден соң бақылағанымызда дүкен есігі айқара ашылып, адамдардың емін-еркін бетпердесіз кіріп жатқанын байқадық. Дүкен тұсындағы рұқсат етілмеген «Азбука» сән салонының ашық тұрғанын көріп, жақындай бергенімізде, есігі тарс жабылды. Біз бұл сәтте салон иелері карантин талаптарын тыңдамады ма әлде ауылдық округтегі жедел жұмыс тобы жергілікті кәсіпкерлерге талаптарды жөндеп түсіндірмеді ме деген ойға қалдық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.