Карантин талаптары сақталуы керек

0

Төтенше жағдай режимі аяқталса да, карантин талаптары сақталуы керек. Себебі, бұл індет – қауіпті. Дегенмен, бұл сынақтың салмағын сезінбей немқұрайлылық танытып жүргендер де жетерлік. Сөзімізге дәлел келтірейік. Жуырда Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ү.Найманова, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Г.Ерімбетова, Аса ауылдық округінің әкімі Б.Қалшымбетов және полиция қызметкерлері бірлесіп Аса ауылындағы сауда дүкендерінде санитарлық талаптардың орындалуын зерделеуге шыққан. Ең өкініштісі, аудан орталығындағы басқа шағын дүкендерді айтпағанда, азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар сатылатын «SN» супермаркетінің карантин талаптарын ысырып қойғандығы. Темірдей тәртіппен ғана үлкен кеселдің алдын алатынымызды ескеріп ел Президенті дүкен әкімшілігі кемінде бір метр қашықтықты сақтай отырып, 5 адамнан артық кезектің пайда болуына жол бермеу қажеттігін қадап айтқан болатын. Бірақ жоғарыда аталған дүкенге бас сұққан топ мүшелері онда тәртіпке бағынған халықты көрмеді. Дүкеннің іші тұтынушыларға лық толы. Кіреберісте күзеттің орнына өзін осы жерде жұмысшымын деп таныстырған 60-тан асқан апай тұр. Ол кісінің тәртіпке бағынбайтын халыққа төтеп беретініне сену қиын. Небір жұмыссыз қарулы жігіттер баршылық, неге соларды күзетші етіп жұмысқа алмайды деген ой келеді. Ал, сауда әкімшілігінің бұған да сылтауы дайын. «Камера»… Иә, болсын, ол да керек. Бірақ, тәртіпсіздік орын алып жатқанда оның не қажеті бар. Адамдар медициналық бетпердесіз, арнайы қолғапсыз дүкен ішін кезіп жүр.
Ал, әрбір дүкенде болуы тиіс қолды тазалауға арналған микробқа қарсы әсері бар көпфункционалды антисептикалық затты пайдаланған халықты тек «Рахат» сауда дүкенінен ғана байқадық. Мұнда талапқа сай бес адамнан кезекте тұр. Демек дүкен ішін жиі тазалап тұруға болады.
Аталған екі дүкен қызметкерлерінен «Әрбір үш сағат сайын арнайы дезинфекциялық құралдармен үстелдер, әйнектер, орындықтар, тұтқалар мен есіктер өңделіп тұрады ма?» деп сұрағанымызда, олар бұл ережелерді бұлжытпай орындап жүргендерін жеткізді. Топ мүшелері аталған екі сауда орнына санитарлық талапты сақтамағаны үшін ескерту қағазын толтырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.