Бейнетке толы балалық

0

Ұлы Отан соғысындағы жеңіске тылдағы азаматтардың қосқан үлесі өлшеусіз. Көңілі жарымжан, майдандағы арқасүйер азаматына алаңдаған елдегі адамдар жұмыстың ауырлығына қараған жоқ. Күн-түн демей аянбай еңбек етті. Буыны бекімеген бота тірсек балалар еңбекке ерте араласты, қызыққа толы жастықтың дәмін сезінбеді. Уақыттың ызғарына шыдап, қиындықпен тайталасып жетілген балалардың кішісінің жасы бүгінде тосанға жуықтады. Сондай қарияның бірі-қаройлық Үйсінбай Алтыбаев. Өмірдің ауырпалығын аз көрмеген ардагердің тілеуі тек халықтың тыныштығы, елдің бейбіт өмірі. Ия, биыл жасы 87-ден асқан қария тау етегіндегі Қарой ауылында туылған. Мектеп қабырғасын сонда аттаған. Әкесі Алтыбай етікшілікпен айналысып, кейін ауылдың жұмысына атсалысты. Сұрапыл соғыс басталғанда екі жас үлкендігі бар ағасы Сыйқымбайға жәрдемші болып, қой бақты. Ел басына күн туған қысылтаяң күндерді Үйсінбай қария зор күйзеліспен еске алады.

-«Жығылғанға жұдырық» деген. Отбасындағы бауырлар қызылшадан көз жұмды. Жөн мен жолды көрсетіп отырған ағам да өмірден ерте кетті. Сұрапыл соғыс басталғанда Сартбек, Жаңабай сынды азаматтарды ел ішіндегі жұмысқа қажет болған соң, соғысқа жібермей алып қалды. Ол уақытта брон деген болатын. Көсегенің көк жонында, ауылдың іргесіне егін егетінбіз. Орылған астықты 50 шақырым қашықтықтағы Ақшұқырға жеткіземіз. Онда аймақтағы ең ұзын қойма болатын. Ат айдаған, қазіргі мәшіне айдағандай еді, шіркін. Балалық қой, жұмыстың ауырлығы біліне бермейтін. Бірақ, кешқұрым үйге әрең жетіп жығылатынбыз,-дейді.

Колхоз ауылдағылар аш қалмасын, көмек болсын деп әр үйге 3 ешкіден таратқан көрінеді. Қолдағы барын ұқсата білгендер ешкі сүтінен бір қарын майға дейін шығаратын болған. Үйсінбай қария жарымжан көңілге мұның үлкен жәрдем екендігін айтады.

-Мата тапшы. Арқардың терісінен киім тігіп беретін. Ол уақытта тауда арқарлар көп болатын. Қаптың үстіне бидайды таспен үгітіп, талқан жасайтынбыз. Кейде қол диірменді тоқтаусыз айналдыра бергендіктен алақанымыз ойылып кететін,-дейді ол.

Қазір бізге аңыз сияқты болып көрінгенімен, олар шын мәнінде осылай өсті. Өмірдің сынына төзіп, қиындығынан сабақ алды. Бала атанғанымен, балалығы болған жоқ. Олардың қызығы қиындыққа, еркелігі  еңбекке айырбасталды.

Сұм соғыстан кейін де ауыр күйдегі ауылдың жағдайы оңалып кеткен жоқ. Елдің тұрмысын түзеу есейіп келе жатқан тағы сол жастарға жүктелді.

50-жылдары Бірлестік, Қарашат, Қылжалау, Қарой, Жаңакүш елді мекендері бірікті. Жұмыстан босай алмағандықтан, сонымен қатар үй ішінде іске жарайтын бас көтерер азамат болмағандықтан Үсінбай атамыз әскерге кеш барады. Украина мен Польша шекарасында 3,5 жыл  отан алдындағы борышың өтеген соң, елге оралып, қарабалас жұмысқа араласып кетеді.

1989 жылы денсаулығына байланысты зейнет демалысына шығады. Бірақ, қалыптасып қалған әдет. Үйде отыруды жөн санаймай, жастарға ағалық ақылын беріп, білгенімен бөліседі.

Апамыз Қызбаламен отау көтеріп, 4 ұл, 5 қызды дүниеге әкеледі. «Батыр ана» атанған апамыз қазір өзінен өрбіген ұрпақтың ортасында. Тірлік тауқыметін ерте жастан тартқан қарияның Алладан сұрайтыны-елдің амандығы. Көпті көрген көңілден шыққан кіршіксіз сөз біздің де де ортақ тілегіміз.

Ия, бүгінгі алаңсыз күніміздің бағасын білейік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.