Облыс әкімі Тараздағы жол жөндеу жұмыстарының сапасын жіті қадағалауда

0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында Тараз қаласындағы «Арай» алқабының тұрғындары былтыр ғана төселген асфальттың бұзыла бастағанын айтып шағымданғанын жариялады. Осыған орай аталған алқапқа арнайы барыған аймақ басшысы мердігер жасаған жұмыстардың сапасыздығына көз жеткізген. Жазбасында жол жабындысы жарыла бастағанын айтқан Бердібек Машбекұлы жуық арада кемшіліктер қалпына келтірілетінін мәлімдеді.
«Қала тұрғындары жол жөндеу барысын мұқият назарда ұстауда. Мұндай қоғамдық бақылау мердігерлердің әрекеті мен жұмыс сапасын жіті тексеруге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде техқадағалау мен ТҮКШ мамандары жұмыс сапасын қадағалап, ал мердігер кез келген кемшілікті өз есебінен жөндейтінін түсінуі қажет» – деді Б. Сапарбаев өз жазбасында.
Келесі кезекте облыс әкімі жылу магистралінің жаңғыртылуына байланысты жол жабындысына зақым келген Қолбасшы Қойгелді, Е. Ниетқалиев, Ә. Комратов, Сыпатай батыр көшелері мен Абай даңғылына барды.
«Жылу құбырлары ауыстырылған соң, асфальт төсеніші дұрыс қалпына келтірілмеген. Жол сапасы сын көтермейді. Қала әкімдігіне тиісті шара қолдануды тапсырдым. Мұндай жұмысты қабылдамау керек.
Сондай-ақ, «За линией» ауданындағы жол жұмыстарын да тексердім. Биыл Тараз қаласында ұзындығы 88 шақырым 130 көше жөнделеді. Бұған дейін олардың басым бөлігінде асфальт төселмеген» – деді аймақ басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.