Ерлігі ұрпаққа өнеге

0

Менің нағашы атам Еркімбек Түменбайұлы ұлы отан соғысына қатысып, ерліктің өшпес үлгісін көрсетті. Оның неміс басқыншыларынан отанды қоғаудағы жанқиярлығы жас буынға өнеге.

Сұрапыл соғыс басталғанда атам К.Маркс атындағы орта мектептің 8- сыныбын бітіреді. 1942 жылы қатарластарынан қалмай, Қызыләуіт ауылынан өзі сұранып, Кеңес армиясы құрамына алынады. Сол жылдың мамыр айының басында 384-ші атқыштар полкіне жіберіледі. Новороссийск, Краснодар қалаларын неміс басқыншыларынан азат етуге қатысады. Осы жылдың қазан айында Қап тауының етегі, Майкоп калаларын жаудан тазартады.

1945 жылы Берлин-Прага тас жолындағы соғыс жорығында снаряд жарықшағы сол көзіне тиіп, жарақат алады. Намысқа туылған батыр атамыз жарақатына қарамастан соғысты жалғастырады.

1945 жылы 57- дивизияның командирі, генерал-майор Ватов және құрамындағы 80-ші механикалық полктің командирі, подполковник Лапиннің басқаруымен батыстағы Гамбург қаласына бет алады. 8 мамырда қаладан 30 шақырымдай қашықтықта Америка әскерімен бетпе-бет келеді.

Соғыс аяқталып, «Жеңіс» деген сөзді естігенде бір-бірін бауырға басып, көз жасына ерік береді. Бұл қуаныштың көз жасы болатын. Командирлер тарапынан талай мәрте алғыс алған атамыз соғыстан кейінгі жылдары ауыл-аймақтың өсіп-өркендеуіне атсалысады. 40 жыл ғұмырын бала оқытуға арнады. Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан атамыз, ардақты ұстаз 2010 жылы дүниеден озды. Атамыз арамыздан кетсе де, оның жасаған ерлігі мен еңбегі елдің жадында сақталып қалды. Мен атамды ардақ тұтамын. Ерлігімен мақтанамыз, елге сіңірген еңбегін үлгі тұтамын!

Балауса СЕЙДУАЛИЕВА,

А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның 5-сынып оқушысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.