Ниетпен жасалған істе нәтиже болады

0

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы тірлікке ыңғайы бар қаншама адамның кәсіп бастауына негіз болып отыр.

Ерекшелігі сол, аталған бағдарламаға қатысушылардың жеке мәліметтері мен инновациялық бизнес идеялары белгіленген талапқа сәйкес келіп жатса, грант, яғни қайтарымсыз қаражатты жеңіп алуға мол мүмкіндік бар.

Бүгінгі таңда Кеңес ауылдық округі бойынша 4 азамат бағдарлама шеңберінде грат иеленіп, жоспарда жүрген кәсіптерін бастап кетті. Жалпы, округтің табиғат жағдайы мал шаруашылығына қолайлы. Сондықтан болар, іскер азаматтардың дені түлік басын көбейтіп, табыс табуға ниетті.

Ауыл тұрғыны Ғабит Көпбаев та кәсіптен хабары бар жандармен кеңесіп, құс асырауды қолға алыпты. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде оқыту курсынан өткен ол 252 500 теңге көлемінде мемлекеттік грантты иеленгенін айтады.

— Берілген қаражатқа түгелдей түйетауықтың балапанын алдым. Екі айлық балапанның тұқымы да басқа. Ауылда да дәл осы шаруашылықпен айналысып отырған тек бір ғана үй бар. Істі бастамас бұрын ойланып, жолын білетін жандармен ақылдастым. Күзде дейін өсіріп, сатып көреміз. Еңбек ақталып, табыс артып жатса, кәсіпті кеңейту ойда бар,-дейді.

Ғабит тек құс ғана емес, қолдағы түлік басын көбейтуді де мақсат етіп отыр.

-Бұрын айналыспаған кәсіп түрі болған соң бастапқыда түсінбегендік те болды, бірақ жан қинарлық жұмыс жоқ. Ең бастысы, ниет болса, ауыртпалықтың қандайын да еңсеруге болады,-дейді Ғабиттің өзі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.