Құрылыс жұмыстары қарқынмен жүргізілуде

0

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров жұмыс сапарымен ауданға келді. Нұржан Сәбитұлы алдымен құрылыс нысандарын бақылаушы қоғамдық топ мүшелерімен кездесті.

Басқосу барысында нысандарды жөндеу жұмыстарының орындалуы мен «Жұмыспен қамту 2020-жол картасы» бағдарламасы аясында аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша шаралар нәтижесі қаралды.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары және аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бастаған топ 3 — мөлтек ауданындағы жатақханаға жасалып жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.

Құрылыстың сметалық құны 259 242,37 мың теңге. Жауапты мердігер «Қаратаустроймонтажсервис» ЖШС. Нысан шілде айының соңында аяқталады деп күтілуде. Қазір мұнда 60 адам жұмыс жасауда. Оның 40-ы аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жолдамасымен «Жұмыспен қамту 2020-жол картасы» арқылы жұмысқа тартылған. Бүгінде негізгі жұмыстар аяқталуға жақын. Бұл жайында «Игілік» мекемесінің директоры Рашид Сейдалиев баяндап берді.

Жалпы үйдің жанындағы аула өткелдері мен автомобиль қоятын орындарға орташа жөндеу  жұмыстарына қалада 36 нысан таңдалған. Бүгінде оның 12-нің құрылысы басталып кетті. Алдағы уақытта тұрғын үй аулалары толықтай жөндеуге алынады деп күтілуде. Нұржан Календеров жұмыстары басталған 3-мөлтек ауданындағы №20,21, 47 және Ә.Молдағұлов көшесі №53 үйдің ауласында болып, құрылыстың сапасына назар аударды. Көпқабатты үйлердің ауласындағы жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталады. Осыған байланысты Нұржан Сәбитұлы жауапты мердігер басшыларына міндетті талапқа сай атқаруды тапсырды.

Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапары соңында аудандық орталық ауруханада болып, жылу жүйелерін жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрді.

Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Есмахан Имаммырзаевтың айтуынша, жылу құбырлары 10 жылдан астам уақыт ауыстырылмағандықтан әбден ескірген. Жөндеу жұмыстары енді басталған. Жауапты мердігер «Талас-құрылыс» ЖШС. Құрылысты аяқтау қыркүйек айының ортасына жоспарланып отыр.

Атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген Н.Календеров жауапты сала басшыларына:

— Ең бірінші кезекте бағдарлама аясында халықты жұмыспен қамтуымыз қажет. Бұл бағытта қосымша 1300-ге жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Қазір құрылыс жұмыстарының 70 пайызы іске асты. Аз қаражат бөлініп отырған жоқ. Сондықтан, барлық міндет талапқа сай атқарылуы тиіс. Жұмыстар арнайы құрылған мобильдік топ тарапынан бақылауда болады,-деді.

Нарбол Қашаған

Leave A Reply

Your email address will not be published.