Талап – күшті, орындау – әлсіз

0

Елімізде төтенше жағдай режимі алынғанымен, шектеу шаралары жалғасып жатқаны белгілі. Осы тұста қабылданып отырған шектеулер мен санитарлық талаптарға байланысты күнделікті атқарылып жатқан түсіндірме жұмыстарына қарамастан, бірқатар кәсіпкерлік нысандары індетке қарсы шараға бей-жәй қарайтын сыңайлы. Бұл көріністі күні кеше аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова бастаған топ пен аудан эпидемиологтары жүргізген рейдттен аңғаруға болады. Зерделеу барысында сақтық шараларын өз деңгейінде орындамағандарға ескерту жасалды. Оларға төтенше жағдай аяқталғанымен, қауіптің әлі бары баса айтылды.
– Қауіптің әлі сейілмегенін ұмытпау керек. Кейбір шектеу шаралары алынды екен деп босаңсуға болмайды. Аурудың алдын алу үшін ғимараттарда, қоғамдық көліктерде, адамдар медициналық маска киіп, барлық гигиеналық талаптарды орындауы тиіс. Кәсіпкерлік нысандары да келушілердің бетпердемен ғана кіруін қадағалап, антисептиктермен, дезинфекциялық заттармен қамтылуы қажет. Өйткені коронавирус – жұқпалы дерт, – деді Үміткен Қапанқызы зерделеу барысында.
Иә, мамандардың сөзінің жаны бар. Қазіргі таңда сақтық шараларының оңды әсері байқауға болады. Өңірде эпидемиологиялық жағдай көңіл көншітерлік, ахуал тұрақты. Бірақ бәрібір тәртіпке бағынып, карантин режиміндегі талаптарды бұлжытпай орындау қажет. Бүгінгі рейд те сол мақсатта ұйымдастырылып отырғанын аңғардық. Арнаулы топ, алдымен «Строй Маркет» құрылыс дүкеніне бас сұқты. Топ өкілдері мұнда келушілердің бетпердесіз жүргені мен қауіпсіздік журналының жоқтығы, шаң басқан еденмен, аңқыған темекінің иісі, кіреберісте дезинфекциялық кілемшенің жоқтығын көріп, сатушыларға ескерту жасаумен шектелді. Адамдардың карантин талаптарына бағынбайтыны тағы бар. Одан кейінгі бағыт «Krоon–Oil» автобөлшек, май алмастыру дүкені. Арнайы топ өкілдерін суық қабақпен қарсы алған сатушы бұл жерге жауап бермейтінін айтып тонын алақашты. Хош делік. Мұнда еден мен тағылған бетперденің ластығы, арнайы қол жуатын бөлмедегі тазалық құрал-саймандары мен тамақ істейтін бөлменің бір жерде тұрғаны жаға ұстатты. Ал халықтың қауіпсіздігі мен гигиена қайда қалды? Бұның барлығы ережеге қайшы. Сол сияқты «Асқанбеков» автөбөлшек және май ауыстыратын дүкендерінде де азын-аулақ кемшіліктердің бары белгілі болды. Онда арнайы ертіндінің орнына арақ құйылған антисептик пен қолғабы лас сатушы да көзге сүйелдей көрінді. Ал «SN» маркет құрылыс дүкенінде санитарлық талаптар сақталмаған. Айталық, келушілердің бетпердесіз бейнесі мен сатушының маскасыз тұрғаны, жуылмаған еден мен «Бізге ешкім ескерпеді!» деген сатушының сылтауы орынсыз болды. Бұларға да тез арада жағдайды дұрыстау жөнінде қол хат алдырылды. Осы орайда аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризім бөлімінің статистик маманы Асқар Ажихановтың айтуынша, 28 сәуірден бері өңірде бірнеше кәсіпкерлер өз жұмысын қайта жалғастыруға мүмкіндік алған. Оның ішінде автобөлшек, май ауыстыру, көлік жөндейтін кәсіпкерлік субъектілері бар. Егер коронавирус жұқтырғандардың саны артпаса, алдағы уақытта басқа да кәсіпкерлік салалары да қызметіне қайта кіріспек. Ол үшін, әрине, қажетті талаптар сақталуы керек, –деді.
Рейдке қатысқан тағы бір маман – аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Асель Сапахова: «елде төтенше жағдай аяқталғанымен тәртіп бұзған кәсіпкерлерге бірден айыппұл салынбайды. Бірақ бұл олар жауапкершіліктен құтылады деген сөз емес. Бүгінге дейін ауданда төтенше жағдай кезінде карантин талаптарын бұзған кәсіпкерлер анықталмады. Бірақ дәл қазір олай бірден жауапқа тартуға құқығымыз жоқ. Себебі елде тек карантин режимі сақталып отыр, жағдай бұрынғыдай емес. Дегенмен бүгінгідей рейд барысында ескерту беріп жатырмыз. Егер келесі келгенде заңбұзушылық тағы анықталса, нысанды жауып тастауға дейін құзыретіміз бар. Мысалы, бүгін 5 кәсіпкерлік субъектісіне ескерту жасалды» , – деді ол.
Айта кетейік, өңірде меморандумға отырған 53 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Карантин режимінде олардың бетперде кимеген тұрғындарды өздері басшылық ететін нысанға кіргізбеуге құқы бар. Ең басты міндет – халық денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл мақсатта жоспарланған жұмыстардың сапалы жүргізілуі ауданның әр азаматына тікелей байланысты. Белгіленген карантиндік режимді қатаң сақтап, қауіпті індеттің алдын алуға болады. Бірлік пен тірлік болған жерде алынбайтын қамал жоқ. Тек тәртіп пен жауапкершілікке мән берейік!

Жәнібек АСАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.