Несие алып, наубайхана ашты

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға ерекше көңіл бөлгені белгілі. Елімізде оның молшылығын жасауға қосалқы шаруашылықтың қосары мол.
Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасы аясында Үшарал ауылдық округінде талапқа сай жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылда бүгінде 193 адам 2,5 пайыз үстемемен несие алып, ыңғайына келген кәсіппен айналысуға көшкен. Іс бастауға ниет білдірген тұрғындардың дені мал шаруашылығын таңдаған. Бірақ олардың ішінде табысы тұрақты тиімді кәсіп түріне тәуекел еткендер де жоқ емес. Солардың бірі – Шалқар Абдулла. Көпшіліктің сұранысынан хабардар ол наубайхана құрылысын бастағанымен, қаражат тапшылығына байланысты қолға алынған іс толық аяқталмай қалған екен. Көп ұзамай округте басталған қанатқақты жоба аясында Шалқардың көптен жоспарда жүрген ісін бітіруге мүмкіндігі туады.
– «Сабақты ине сәтімен» деген. Кәсібімді бастауға бұл жоба үлкен көмек болды. Төмен пайызбен 4 милион теңге несие рәсімдедім. Қолға түскен қаражат наубайханаға қажетті құрал-жабдықтар алуға жұмсалды. Әзірге күніне 150 бөлке нан пісіреміз. Тұрғындардан тапсырыс та қабылдаймыз. Нанды 100 теңгеден өткерудеміз. Алдағы уақытта сұраныс артса бағаны төмендету ойда бар. Бұған жергілікті тұрғындар түсіністікпен қарайды. Өйткені бізде артық шығын көп. Ұнды Тараз қаласынан жеткіземіз. Облыс орталығы бізден шалғай орналасқан. Оның үстіне қазір ұнның бағасы көтеріліп кетті, – дейді қолға алып отырған шаруасы жайында кәсіпкер.
Қазіргі таңда екі адамды жұмыспен қамтып отырған Шалқар наубайханаға жапсарлап шағын кафе де ашқан. Мұнда келушілер шайға қажетті самса, хот-дог, тәтті бәліш сынды жеңіл тағамдарға тапсырыс бере алады. Ол орайы келіп жатса, алдағы уақытта шағын бизнесін кеңейту жоспарда бар екендігін айтады.
Шалғай ауылдан шағын кәсіп ашу оңай емес. Міне, шын еңбек, адал табыс. Жобаны тиімді мақсатқа жарата білген кәсіпкер қажеттілікке қарай тұрғындардың сұранысын да қанағаттандырып отыр.

Нарбол ҚАШАҒАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.