Жастармен жұмыс жүйелі жүргізілуде

0

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша басқармасының мәліметтері бойынша Тараз қаласында ағымдағы жылдың үш айында 1158 қылмыс тіркелсе, оның 290-ы жастардың қылмысы екен. Қала бойынша жастармен жасалынып жатқан жұмыстарды білу мақсатында қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбековамен сұхбаттасқан едік.

– Ұлана Сламбекқызы, жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыс, нашақорлықтың алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Жастар ресурстық орталығының 2020 жылға арналған жылдық жоспарына сәйкес жастар арасында қылмыс, нашақорлықтың алдын алу бағытында барлығы 75 іс-шара бекітілді. Бүгінгі таңда оның 8-і (қылмыстың алдын алу бағытында – 4, есірткі заттарын тұтыну және нашақорлықтың алдын алу бағытында – 4) ұйымдастырылып, қамтылғандар саны 350-ді құрады. Сондай-ақ ағымдағы жылдың ақпан айында қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары мен еріктілерінің көмегімен қала көшелерінің қабырғаларындағы есірткі заттарын жарнамалайтын «СП.МУКА.КРИС ТМ», «Telegram@KVS24CKIKD», «@SoltanTRZbot» сайттарының сілтемелері орналасқан жерлер анықталып, аталған жарнамалардың 200-ге жуығы өшірілді. Сонымен қатар жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында «Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттауға, нашақорлықтың алдын алуға және құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу бойынша мақсатты іс-шаралар өткізу» атты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша сатып алу конкурсы жарияланып, нәтижесі сәуір айында анықталатын болады.

– «Отан отбасынан басталады» дейді. Бұл орайда жастар арасындағы отбасы құндылығы қай деңгейде? Арнайы мониторинг жүргізесіздер ме?

– Жыл басынан бері 451 жас неке қиса, 78 жастың некесі бұзылған (2019 жыл 3 айында неке қию – 493, неке бұзу – 287). Бүгінгі таңда 2019 жылғы 18 сәуірдегі Тараз қаласы әкімінің №26-ө өкімімен құрылған отбасы мәселелері бойынша жұмыс тобы ажырасуға ниет білдірген ерлі-зайыптыларды татуластыру мақсатында жұмыстар жүргізуде. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап қалалық соттың ғимаратында «Шанс» Жамбыл облысы бойынша кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығының психологы әр аптаның дүйсенбі-бейсенбі күндері аралығында некені бұзуға ниет білдірген 41 ерлі-зайыптымен сұхбат жүргізді. Нәтижесінде 11 ерлі-зайыпты сұхбаттасу барысында татуласса, 6 ерлі-зайыптыға татуласуға өзара келісімге келуге уақыт берілді, 24-і ажырасу туралы шешімдерін өзгертпейтінін, жұмыс тобының көмегіне мұқтаж емес екендерін жеткізді. Ағымдағы жылы келіп түскен 18 сот ұйғарымы бойынша 3 ерлі-зайыпты қайта қосылса, 2-і ажырасып, 13 ерлі-зайыптыға қатысты 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында сот отырысы өтеді. Жастар ресурстық орталығының отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиені насихаттау бағытында «Қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге әдептілік, инабаттылық сияқты ұлттық қасиеттерді қыздардың бойына сіңіру, тәрбиелеу» тақырыбындағы жұмыс жоспары бекітілді. Бүгінгі таңда жоспарға сәйкес 7 іс-шара ұйымдастырылып, 200-ден аса қыз баласы қамтылды.

– Ал жастарды жұмыспен қамту жағдайы қала бойынша қалай атқарылып жатыр?

– Халықты жұмыспен қамту орталығына барлығы 398 жас жұмыссыз ретінде тіркелді, яғни жастар санының 0,52%-ын құрап отыр. Ағымдағы жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 424 жас тартылды. Ваканттық бос жұмыс орындарына – 228 азамат, жастар тәжірибесіне – 95 жас маман, әлеуметтік жұмыс орындарына – 7 адам, кәсіптік оқыту курстарына – 25 жас азамат, ақылы қоғамдық жұмыстарға 68 жас жолданып, 29 жасқа дейінгі 1 жас кәсіпкер шағын несие алды. Сонымен қатар қала жастарын жұмыспен қамту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыруға 25 000,0 теңге бөлініп, ағымдағы жылы барлығы 350 жасты уақытша жұмыспен қамту жоспарлануда.

– Биыл – Еріктілер жылы. Бүгінгі таңда еріктілердің жұмысын жүйелеу бойынша қандай шаралар атқарылды? Оның нәтижесі қандай?

– Бүгінгі таңда Тараз қаласында 3 волонтерлік  ұйым (құрамында 300-ден аса жас) жұмыс жүргізуде. Олар: «Қазақстан студенттерінің Альянсы» (құрамында 200 жас, 2015 жылы құрылған), «Темірқазық» волонтерлер қозғалысы (құрамында 53 жас, 2017 жылы құрылған), «Сұңқар» волонтерлік қозғалысы (құрамында 51 жас, 2019 жылы құрылған). Одан бөлек, қаладағы жоғары оқу орындарында 6 волонтерлік ұйым (230 студент), арнаулы оқу орындарда 21 студенттік волонтерлік топ (702 студент) жұмыс жасайды. Тараз қаласында Волонтер жылын өткізу жөніндегі 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспары        (7 бағытта: «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт», т.с.с. бағытында) бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «Волонтерлік – әлеуметтік жастар лифті» атты волонтер жастар арасында форумы, 1 наурыз күні Алғыс айту күніне орай «Басқаға қуаныш сыйлаған жан – бақытты жан» атты жастар қайырымдылық акциясы, Жамбыл политехникалық жоғары коледжінде «Еріктілер – қоғамның қозғаушы қуаты» атты кездесу ұйымдастырылды.

Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай қаладағы 12 Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйінде әскери бөлімшелердің шеруі (ардагерлерді құттықтау, денсаулығын тексеру, қажетті емдеу жұмыстарын жүргізу, сыйлықтар, азық-түлік себеттерін тапсыру, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты сап түзеу) ұйымдастырылып, волонтерлер үй шаруашылықтарына (жер аудару, үй тазалау, терезе жуу, ауланы қоқыстан тазарту, талдарды әктеу, т.с.с.) көмек көрсетті. Сонымен қатар еріктілер коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында қала тұрғындарына арнайы тігілген бетперделерді (маскаларды), азық-түлік себеттерін тарату жұмыстарына белсене атсалысуда.

22 сәуірден бастап Тараз қаласы әкімдігінің жанынан құрылған жедел штабтың ұйымдастыруымен «NOMAD MMA» республикалық федерация президенті Г.Гаджиевтің демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі жандарға, зейнетақысы төмен зейнеткерлерге, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік көмек алатын жалғызілікті қарттарға көмек (ыстық тамақ) көрсету ұйымдастырылды. Арнайы бекітілген мекемелер мен еріктілер коронавирус инфекциясына орай орын алған карантин режимі аяқталғанға дейін 100 отбасына «Сhinara» кафесі әзірлеген ыстық тамақтарды күніне бір рет 5 бағыт бойынша жеткізілуін қамтамасыз ететін болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Зере Қуаныш

Leave A Reply

Your email address will not be published.