Қаланың сәулеті келісті

0

Шаһардың сәулеттік келбеті күн санап көркеюде.  Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында ағымдағы жылы бірқатар әлеуметтік нысандар мен гүлзарлар, саябақтар мен аяқжол, фонтандар орналасқан арбат құрылыстары жүргізілуде.

Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Таразда соңғы жылдары бой көтерген түрлі нысандар мен демалыс орталығы көздің жауын алады. Елде болып жатқан жағдайға қарамастан қала бойынша абаттандыру, көгалдандыру, жалпы қаланың сәулеттік келбетін келістіру жұмыстары жан-жақты жүргізілуде.  Барлық  жоспарланған құрылыс нысандары облыстық әкімдік жанындағы сәулеттік кеңесте қарастырылған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей басшылығымен қаланың келбетіне көрік беретін бірқатар нысандардың жобалары қайта қарастырылды. Мәселен, «Март» сауда үйінің маңы мен Адамбаев көшесі бойынан арбат құрылысы жүруде. Жобада фонтан, орындықтар, жарықшамдар, кіші архитектуралық формалар қаралған. Төле би даңғылы бойындағы (Сыпатай батыр мен Аққозиев көшесінің аралығы) арбаттың жалғасы салынуда. Бұл аумақта биіктігі 30 метрді құрайтын «Қазақ халқына мың алғыс» монументі бой көтеруде. Екі нысан да ағымдағы жылы ел игілігіне тапсырылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ Сейфуллин көшесі мен Қонаев даңғылы қиылысында көпшілік пайдаланатын демалыс орнының құрылысы жүргізілуде. Аумақта орындықтар, жарықшамдар, воркаут алаңшалары орналасады. Ал  көпқабатты тұрғын үйлердің алдындағы 163 ауланы абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын салу жұмыстары да жүргізіледі. Қала көшелерінің бойын абаттандыру жұмыстары және орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін әрлеу бойынша эскиздік жобалар дайындалып, ағымдағы жылы жұмыстар жүргізіледі. «Жеңіс» саябағынан «Анаға тағзым» орталығы бой көтеретін болады. Бүгінгі таңда                           жобалық-сметалық құжаттар  дайындалуда.  Сондай-ақ «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің құрылысы жалғасын табады. Бұл аумақта туристік нысандар, қорған құрылысы және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Талас өзені бойын абаттандыру, жаяу жүргіншілер мен көпір құрылысын салу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін қаланың сәулетті келбеті келісті болары сөзсіз.

Айтқазы Қарабалаев,

Тараз қаласының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.