Экология министрлігінің басшысы жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді

0

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді. Ол облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге өңірдегі су шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.
Тиімді суару жүйесі болмаса, суармалы жер көлемін ұлғайту мүмкін емес. Осындай суармалы алқаптарды 200 мың гектарға ұлғайту міндеті қойылған болатын. Бүгінгі таңда оның көлемі 110 мың гектарды құрайды. Ал, суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарынан соң бұл көрсеткіш кем дегенде 180 мың гектарға дейін артады деп күтілуде.
Жамбыл ауданындағы 3098 гектар алқап Раис магистральды каналына байланған шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арналарынан келетін суға тәуелді. Бүгінде ондағы 36 шаруа қожалық жоңышқа, жүгері және бақша дақылдарын өсірумен айналысуда. Дегенмен, 1332 гектар жер су тапшылығына байланысты пайдаланылмай отыр. Жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары осы мәселені шешуге бағытталған.
Ұзындығы 8,4 шақырым болатын Исмаил магистральды каналындағы жағдай да осыған ұқсас. Мұнда қолға алынған шаралар нәтижесінде 798 гектар алқаптағы суармалы жерлер қалпына келтіріледі деп күтілуде.
Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жақсарту жөніндегі жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру Жамбыл ауданының суармалы жерлерінің 5000 гектар алқаптағы мелиоративтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, бұл күні экология министрлігінің басшысы Шу және Қордай аудандарындағы бірқатар су шаруашылығы нысандарын аралады.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.