Сын сағаттағы көмек

0

Адамды адам ететін оның рухани дүниесі. Ынтымақтастық, құрмет, жауапкершілік, еңбекқорлық, сүйіс­пеншілік, жомарттық, ар мен намыс, адалдық – бұның бәрі адамның рухани дүниесіне жатады.
Бірақ бүгінгі каран­тиндік жағдайдың салмағы ауырлап тұрғаны көпке мәлім. Мұндай кезде көмекке мұқтаж жандарға әрдайым қол ұшын бергенге не жетсін?! Әсіресе, қасиетті Рамазан айында жасаған жақсылығыңның сауабын екі еселендіре өзің көретінің ақиқат.
Осындай сын сағатта «Аса аялы алақаны» қайырымдылық қоры күнделікті жиналған қаржыға әр бейсенбі сайын мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына азық-түлік алып беруді дәстүрге айналдырған. Игілікті шараға Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының өкілі Меруерт Лештаева мен жарымжан балалардың аналары да үлес қосуда.
– Жан жылуын сыйлаған жомарт жандарға мың алғыс! Көңілі қаяу бүлдіршіндердің қуанышты жүздерін көргенде еріксіз көзге жас келеді. Әр бала бақытты болуға лайық емес пе?! Біздің аз ғана сыйлығымызға шын қуанып отыр. Қол ұшын беріп жүрген әр адамға Аллаһ тағала разы болсын, рахмет, – деді қайырымдылық қорының мүшелері Гүлсім Саурықова мен Роза Сатова бізбен әңгімесінде.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.