Кеселге қарсы күрес қарқынды

0

Конго-Қырым қанды қызбасы – кене шағуы арқылы берілетін жұқпалы ауру. Елімізде бұл геморрагиялық қызба «көкала» деген атпен 1948 жылдан бері белгілі. Жұқпалы дерт қатарына енетін кененің ірілі-ұсақты малмен қатар адамзат баласына да төндірер қаупі орасан. Сол себепті бұл тұрғыда өңірде жүйелі жұмыстар көрініс табуда.
Сөзімізге дәлел ретінде күні кеше «Ұлттық сараптама орталығы» аудандық бөлімшесі мамандарының Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Бектөбе елді мекенінде жүргізген залалсыздандыру жұмыстарын айтуға болады. Онда бөлімше қызметкерлері жалпы көлемі 160 гектарды қамтитын аумақты өңдеп, енді Қызылтаң ауылының 31 гектарын дезинфекциялауды жоспарлап отыр.
– Қауіпті қызба иксодты кенелер ағзасында болады және адамға далада, қорада және мал үстінде болатын кене шағу арқылы жұғады. Вирус науқасқа күтім жасау кезінде ағза бөлінділерімен ластанған медициналық құралдар, шприц ұшындағы қан тамшысы арқылы жұғуы мүмкін. Сондықтан барша тұрғындарды мүмкіндігінше қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын, – деді ведомство басшысы Талғат Бөлекбаев.
Иә, мамандардың сөзінің жаны бар. Егер Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырған науқас адам дер кезінде дәрігерлік көмекке жүгінбесе, сақтық шараларын ескермесе, көп жағдайда соңы өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері дене қызуының кенеттен 39-40° дейін көтерілуі, қатты бас ауруы, бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігінің қан кернеуімен, ауру асқынған кезінде денеде бөртпе пайда болып мұрыннан қан кетуі, ине енгізу орындарында қанталау байқалуымен сипатталатынын естен шығармаған жөн.

Жәнібек АСАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.