Шаттық орнаған шаңырақ

0

Толассыз жауған жауыннан соң ауа тазарып, сай-шұңқырлар суға толған. Әдеттегідей, Халықаралық отбасы күніне газетке материал дайындайын деп қолға қалам алғанмын. Айнала маңғаз үнсіздік. Әркім күйбең тірліктің соңында жүр. Іштей: «Бұл мерекені тұрғындар естен шығарған екен-ау» дегенім мұң екен, қалта телефоным шырылдап сала берген. Тұтқаны көтерсем, Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қонаров екен.
– Ассалаумағалейкум! Күн қайырлы өтсін. Бүгінгі мерекенің орны ерекше емес пе?! Шағын мемлекеттер күні құтты болсын, – деді қоңыр дауыспен. – Жоспарларыңыз көп болмаса, айтулы мереке қарсаңында ұлдарын ұлылыққа, қыздарын инабаттылыққа тәрбиелеп отырған тастөбелік Жамансариевтар отбасын арнайы құттықтай бармақшымыз. Ондағы «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері Сейсекүл әже Өмірбайқызының есті сөзіне, сипатты әңгімесіне құлақ түргенге не жетсін?! Мүмкіндігіңіз болса, бізге қосылсаңыз нұр үстіне нұр болар еді, – деген ауыл әкімінің сөзін мақұл көріп, басшымнан өтініп, сол ауылға баруға бекіндім. Көпке үлгі болған отбасымен тілдесіп, тағылым тыңдау тілшілер қауымы үшін қашанда өзекті.
Бардық. Бізді қарашаңырақтың иесі Жақсынбек ағаның жұбайы Қарлығаш жеңгей жылы жүзбен қарсы алып, үйге бастап барды. Ортаңғы бөлмеде Сейсекүл әжей кереуетте жатқан Жақсынбектен көз алар емес. Кейіннен Жақсынбек ағаның аздап ауырып қалғанын білдік. Осы тұста «анадай асылдың алдында біз мәңгілік бала екенбіз-ау. Бауыр еті баласының табанына кірген тікенді маңдайыма неге қадалмады екен дейтін аналар аман болсын» дестік.
Әжейді сөзге тартып, өмір жолы, отбасы жайлы емен-жарқын әңгімелескен едік.
– Е, шырағым! Өмірге кімнің реніші бар дейсің… Дүние жақсы болса, туылғанда жыламас едік-ау. Қапал ауылында туып-өсіп, осы ауылға келін болып түстім. Өмірсерігім Еламан жаны жайсаң, кеңпейіл, бала десе ет жүрегі езілген жан еді. Әрқашан адалдықты айтып, бала-шағасын ізгілікке, адамгершілікке тәрбиеледі. Колхозда механизатор, көлік жүргізушісі болып талай жыл еңбек етті. Дегенмен, Аллаһ тағала құлын өзіне ерте шақырды. 51 жасында қайтыс болды. Сол кезден бастап құлыншақтарымды бағып-қағу үшін түн баласы жұмыс істеуіме тура келді. Шүкір, үйлендірдім, аяқтан тұрғызуға күш-жігерімді сарп еттім. Жаратқаннан осылардың амандығын тілеймін, – деді немересінің маңдайын иіскеп.
Мерейлі отбасы жайлы ыстық ықыласымен ауыл әкімі де бөліскен.
– Әрбір сәтті қадамның артында ата-аналарымыздың тілегі тұрғаны ақиқат. Біз сізбен мақтанамыз, әже. 30 жылға жуық колхозда сауыншы, қызылша алқабында еңбек еттіңіз. Ұлыңызды ұяға, қызыңызды қияға қондырып, бүгінде немере-шөберелеріңіздің қасында жүрсіз. Бұдан артық өмірде қандай бақыт бар. Атамыз Еламан Жамансарыұлының ғибратты әңгімелері есімізден шыққан емес, – деген ол ардақты ананың иығына ақ орамал жауып, мерекесімен құттықтады.
Еламан ата мен Сейсекүл әжеден тоғыз ұл, бір қыз тараса, олардың қатары бүгінде 38 немере мен 2 шөбереге жетіп отыр. Балаларының үлкені Бектұрсын – №1 орта мектепте технология пәнінің мұғалімі, Елепбайы – жеке кәсіпкер, Қуанышы – «Қызыл-Дихан» өндірістік кооперативінің механизаторы, Жақсынбек – аталмыш кооперативтің төраға орынбасары, Қасымбек пен Жәнібек – фосфор зауытының қызметкері, Ғани – осы зауыттың бас инженер-энергетигі, Аязы – металл құрастыру зауытының қызметкері, Әлібегі – Меркі ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы болып жұмыс істесе, Самал есімді қызы жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Сейсекүл әжей – салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты өскелең ұрпақтың санасына құйып отырған қазына кеуде. Шаттық орнаған шаңырақтың тәтті немересі Жания әжесінің жанынан бір елі алыстамайтын көрінеді.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.