Ерлі-зайыпты тіс дәрігерлерінің көмегі

0

Аурулардың ішінде әсіресе ұйқыңды қашырып, тамақтануға мұрша келтірмейтін тіс ауруының кесірі мен кесапатын айтып жеткізу қиын. Сондайда тіс дәрігеріне жүгінуге тура келеді.
Осыдан бірнеше күн бұрын тісім ауырып, дәрігерге баруға тура келген. Бұл коронавирустың нағыз қызған шағы болатын.
Барлық мекеме карантинге жабылған. Екіұшты оймен амалсыз Әскербектің қабылдауына телефон арқылы жазылып, сол күннің жұмыс аяғы жақындаған тұста қорқа-қорқа Әскербектің алдында отырдым.
Тісімді көрген ол: – Көке, қалай жүргенсіз? Іріңдеп кетіпті. Жұлмаса болмайды, – деді. Амалсыз оның айтқанына келістім. Алдымен ем-домын жасап, сәлден кейін ауру тісті жұлып тастады. Жұлғанын сезбей де қалдым.
Алматы мемлекеттік медициналық институтын 1992 жылы бітірген Әскербек Дүйсенбаевқа, сол жоғарғы оқу орнын 1995 жылы тәмамдаған Гүлжамал Жайдарбаеваға аудан халқы дән риза.
Бүгінде «Аса» тіс емханасы ауданға белгілі. Мына қиын кезеңде қол ұшын созып, медициналық қызметті мінсіз көрсетіп жүрген ерлі-зайыпты дәрігерлер Әскербек Райханұлы мен Гүлжамал Рахымбердіқызының алды халықтан босамайды.
Емханада еңбек ететін медбике Айман Әбденбаева, дәрігердің көмекшісі Бекжан Әлімбек, тазалықшы Ханзат Поштабаева Әскербек пен Гүлжамалдың оң қолына айналған.
Ел алғысына бөленген Әскербектің ұлы Ернар, қыздары Гүлсәуле мен Гүлнәр – қазір студенттер.

Рахымбек ЖАПАРОВ,
Аса ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.