Жамбыл ауданы тұрғындарының назарына!

0

Ауданда ағымдағы жылдың 28 сәуірінен бастап кейбір кәсіпкерлік нысандарын қалпына келтірудің бірінші кезеңі басталды. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің мәлімдемесіне орай өткен брифингте айтылды. Брифинг барысында облыс көлеміндегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң түрде сақтай отырып, бірінші және екінші кезеңде қайта жұмысын бастайтын нысандар туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Қазіргі таңда ауданымызда бірінші кезеңде бірқатар нысандар қызметін қайта бастап, қалыпты жұмыс режиміне өтті. Атап айтсақ, құрылыс дүкендері, бірінші кезектегі тұтынылатын азық-түлік емес тауарлар, автобөлшектер, кеңсе жабдықтарын сататын дүкендер, автожуу, май ауыстыру орталықтары, техникалық қызмет көрсету станциялары іске қосылуда. Нысандар сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс жасауда. Барлығы 33 нысан бірінші кезеңмен жұмысын бастаған. Олармен аудан әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумы қабылданған.
Меморандумға сәйкес кәсіпкерлер нысандардағы санитарлық талаптарды қатаң сақтауға міндетті. Атап айтқанда:
– нысанда санитарлық дезинфекциялық режимді (қолдарын өңдейтін санитайзерлердің орнатылуын, нысанның ішіндегі заттардың бетін күніне екі реттен кем емес жуып тұруды, нысан ішінің ауасын желдетіп тұруды) күшейтуді;
– қызметкерлердің бір реттік бетперделермен және бір реттік қолғаптармен жұмыс жасауын;
– кәсіпкерлік нысан аумағына тұтынушылардың тек бетпердемен кіруін қадағалауды;
– жұмысшыларын автокөлікпен тасымалдауды;
– жұмысшылардың түскі үзіліс кезінде түскі асты жұмыс орнында қабылдауларын қамтамасыз етуге міндетті.
Екінші кезеңде, яғни 11 мамырдан бастап іске қосылатын нысандар тізбесі әзірленіп, ақпараттық-коммуникациялық компаниялар, сондай-ақ алаңы 500 шаршы метрден аспайтын гүл сататын дүкендер, барлық бағыттағы дүкендер, фотосалондар, медициналық орталықтар, стоматологиялық клиникалар мен кабинеттер, жарнама агенттіктері, жылжымайтын мүлік агенттіктері, нотариустар мен ломбардтар жұмысын бастады. Нысандармен санитарлық талаптарды сақтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта ауданда 20 нысан ашылды.
Кафелер мен қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы сағат 10.00-20.00 аралығында «тапсырыс берушіге жеткізу» қағидасымен жұмыс жасайды.
Санитарлық-карантиндік ахуалдың әлі де бәсеңдемей тұруы сұлулық салондары, шаштараздар, массаж кабинеттері, моншалар секілді қызмет көрсететін нысандардың ашылуын кейінге қалдыруда.
Аудандағы 140-қа жуық азық-түлік сататын дүкендер санитарлық нормаларды сақтай отырып қалыпты жұмыс жасауда.
Осы орайда әрбір жұмысын жалғастырушы кәсіпкер ғана емес, жалпы аудан тұрғындары сақтық шараларына немқұрайлы қарамауы керек. Санитарлық талаптарды қатаң сақтауға міндеттіміз.

Бауыржан ТӨЛЕНДИЕВ,
аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.