Егістіктер сумен толық қамтылады ма?

0

Ауданда ағынсу мәселесі өзекті болып тұрғаны белгілі. Дегенмен, өңір шаруаларын қалайда егінсумен қамтамасыз ету қажет. Шаруаларға су келіп жатса, суармалы егін алқаптарының көлемі ұлғаяды. Бұл аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, игерілмей жатқан жерлерді қайта айналымға қосуға оң әсерін тигізеді.
Осы орайда айта кетерлігі, ауданда ұзындығы 324 шақырымды құрайтын каналдар толығымен биыл жөнделеді. «ПУИИД-2» бағдарламасы арқылы жүзеге асады. Бағдарлама аясында 15 мың гектарға дейінгі суармалы егістік сумен қамтылады. Жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат бөлінген. Жұмыс жүріп жатыр.
Аудан аумағындағы каналдардың жай-күйі, сапасы қандай? Жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Бұл тұрғыда шаруалар не дейді? Осы сауалдарға жауап іздеген облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Күлкеев, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, «Қазсушар» Жамбыл филиалы Аса өндірістік бөлімшесінің басшысы Есенбек Қалдыбековтермен бірге Айшабибі, Жамбыл ауылдық округтерінде орналасқан су шаруашылығы нысандарын, каналдарды аралап көрді. Нысандардың бүгінгі жай-күйімен, ондағы жұмыс барысымен етене танысты. Іс басында жүрген жауапты тұлғалармен жолығып, жөндеу жұмыстары турасында ашық әңгімелесті. Басшы жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақтылы орындалуы керектігін алға тартты. Жұмыстың олқы тұстары бойынша ескерту жасады.
Сонымен қатар, басшы жергілікті шаруалармен жүздесіп, талап-тілегін тыңдады. Мәселен, Қаратау ауылының тұрғыны, «Бисұлтан» шаруа қожалығының төрағасы Нұрғазы Омарқұловтың айтқанына құлақ асты. Егінсу мәселесін көлденең тартқан төраға егістігіне «Раис» каналынан келетін судың жолы жөнделсе, талқандалған лотоктар шетке шығарылып, орнына арық қазылып берілсе деген тілегін тілге тиек етті. Ол жерде күнбағыс, арпа, жоңышқа, жүгері секілді әртүрлі дақылдар егілгенін жеткізді.
Өз кезегінде Берік Болатұлы шаруаға сөз болған мәселе таяу уақытта шешілетінін айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Шаруаларды барынша егінсумен қамтамасыз ету қажет екенін қадап айтты.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.