Басты назарда — құрылыс сапасы

0

Кеше аудан әкімі Сәкен Арубаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев және Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Несіпбеков аудандағы құрылысы жаңадан соғылғалы жатқан нысандарды аралап, олардың жай-күйін көрді.
Сәкен Қаланұлы әуелі Қаракемер ауылындағы құны 94 млн теңгеге соғылып жатқан ауылдық клубтың жұмысымен танысты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған нысан 5 айдың ішінде жергілікті тұрғындардың игілігіне берілуі керек болса, бұл жұмыспен айналысып жатқан «ҚазМұнайГаз» компаниясының қызметкерлеріне өңір басшысы балалардың қауіпсіздігі үшін құрылыс айналасын қоршау қажеттігін және коронавирус індетінен сақтандыру үшін жұмысшыларға арналған дезинфекциялық орын болу керектігін ескертті.
Бұдан кейін аудан әкімі Сәкен Арубаев Ащыбұлақ ауылында болып, ондағы егіс алқабына су әкелетін 1,8 шақырымдық «Марқабай» каналын бақылады.
Сонымен қатар өңір басшысы Аса ауылындағы «БиномСтройДеталь» ЖШС бастағалы тұрған 76 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңын көрді. Мұнда аудан әкімі мердігер серіктестіктің директоры Қуат Баққараевқа аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды жұмысқа қабылдау жағын егжей-тегжейлі қарау қажеттігін, игілікті іске әрқашан қолдау білдіретінін айтты.
Аудан әкімі Сәкен Арубаев жұмыс сапары барысында Жамбыл ауылындағы 100 орындық жаңа мектептің құрылысын және Қапал-Бесжылдық автожолы бойындағы көпірдің ағымды жөндеуден өтіп жатқанын көріп, істі қолға алған мердігерлерге жұмыс сапасына аса мән беру керектігін айтты.
Нысандарды аралау барысында аудан әкімімен бірге бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері болды.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.