«Ардагерлер азайып бара жатыр…»

0

Шындығында, сұрапыл соғыстың не екені кейінгі буынға беймәлім ғой. Біз үшін сол майданды кешкендер – баһадүрлер. Соғыс – адамды тәубесіне келтіретін бір белгі ғана. Күнделікті көріп жүрген кинодрамадағы қантөгіс емес – бұл. Көркем шығармаға да жатпайды. Ол өмірдің – өзі. Осы бес әріптен тұратын суық сөзді есту – өте ауыр. Ал, оны басынан өткізген, толарсақтан саз кешіп, құрбан болған, ардың туын жықпай, биік ұстаған қайран бабалар қандай күйде болды екен?

Биыл Ұлы Отан соғысының Ұлы Жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толып отыр. 1941 жылдың 22 маусымында басталып, үздіксіз 1418 күн мен түн бойы созылды. Қарағанды облысынан майданға 60 мыңға жуық адам аттанып, 34 мыңнан астамы аман-есен оралса, 25 мыңға жуығы қаза болды. 9400-ге жуық адам хабар-ошарсыз кеткен. 6600-дей жерлесіміз майданда ерлік көрсеткені үшін ордендер және медальдармен марапатталды, 34 адам Кеңес Одағының Батыры атанса, 13 адам – Даңқ орденінің толық иегері.

Сол сұрапыл соғыста қатысқан жерлесіміздің бірі – Айылша Үкіметов. 1923 жылы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген ол 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, Меркі ауданынан Сталинград жеріне соғысқа аттанады. Қан майданда аяғынан жараланып, 1943 жылы елге қайтады. Туған жерге оралған соң қызмет істеп, тылда аянбай еңбек етеді. Жұбайы Күләнда екеуі 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, бәрін құтты ұясына қондырады. Бүгінде келмес сапарға аттанған ата мен апаның ұрпақтарының алды 70-тен асып отыр.

Сөз соңында кешегі тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын болатынын тағы да еске салғым келеді. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген майдангерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс.

Ұлдана Жашан,
ЖД-158/1 мекемесінің арнайы есеп бөлімінің аға технигі

Leave A Reply

Your email address will not be published.