400 отбасына қайырымдылық көмек көрсетілді

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде COVID-19 вирусына қарсы төтенше жағдай енгізілгелі екі айға жуықтады. Карантиндік режімнің арқасында пандемияның кең көлемде өршуіне жол бермеді. Вирустың шарықтау шегін артқа тастағанымызбен жағдай толық тұрақтала қойған жоқ. Бірақ, көпшілік әлемді дендеген дертті жеңетініне сенімді. Осы аралық ішінде көңілі күпті халықтың алдағы күнге үмітін оятып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қолдан келген көмегін аямаған аудандағы атымтай азаматтардың еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн. Міне, жүрегі жылуға толы жомарт жандардың демеушілік жәрдемімен ауданда 400-ге жуық әлеуметтік жағдай төмен отбасыларға қайырымдылық көрсетілді. Сондай-ақ, Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға кең пейіл азаматтар тарапынан көмек берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамыр күні Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында қысылтаяң сәтте көмек көрсетіп жатқан азаматтарға халқымыздың шынайы патриоты, тілеулестері деп атап өтті. Риясыз ризашылығын білдірді.
Қайырымдылық шаралары мұнымен тоқтамайды. Қасиетті Рамазан айында демеушілердің көмегімен аудандық орталық мешіті тарапынан күніне 100 адамға арнап ауызашар таратылуда. Бұл да болса алаң көңілге медеу, жанға қуаныш.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Кімде-кім Исламда бастама көтеріп, қандай да бір игі іске мұрындық болса өзінен кейін сол істі істегендердің алған сауабындай сауапқа кенеледі. Одан кейін сол игі істерді істегендердің сауабы титтей де кемімейді»,-деген екен.
Шапағатты шараның мақсаты-адамға шуақ сыйлау, көмек беру. Алдағы уақытта да сауапты іс тұрақты түрде жалғасын табатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.