Қарасулықтар 75 түп туя ағашын отырғызды

0

Қарасу ауылдық округіне барсаңыз, атыраулық айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлының:
Қаладан үй салсаңда хан қасына,
Ауылыңның үйіндей барма сірә?
Бір шегең артық болса, ойланбастан
Әкеліп қақ ауылдың ауласына, – деген өлең жолдары ойға меймандайды. Меймандағаны сол, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға және елдімекендерді көріктендіруге, ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға, өңірге деген сүйіспеншілікті қалыптыстыруға бағытталған «Үлгілі ауыл» жобасына қарасулықтар бір кісідей атсалысып, игілікті істердің басы-қасында жүр.
Жалпы, «Үлгілі ауыл» жобасына ауданымыздан Жалпақтөбе, Айшабибі, Өрнек, Ерназар, Гродекова ауылдары қатысуға лайық деп танылса, жобаның критерийлерінен сүрінбей өткен ауыл облыстық кезеңге жолдама алмақ.
Осы орайда Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі күні қарсаңында Қарасу ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен ауылдың белсенді азаматтарымен жеке кәсіпкерлердің қолдауымен 75 түп туя ағашы сатып алынып, округтегі мекемелерге, білім ордаларына таратылды.
Онда болған біз ағаш отырғызуға септігін тигізіп жүрген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Арқабай аға Алдашевті сөзге тарқанымызда, ол:
– Отанға деген махаббат топырағына аунап өскен өлкеден басталатыны даусыз. Бүгін тонның ішкі бауындай ұйымдасып, игі істі атқардық десек артық айтқанымыз емес. Ауыл тұрғындарына, жомарт жандарға ризашылығым шексіз. Сондай-ақ әкім аппаратының қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Кез келген ілкімді істі тұрғындармен ақылдасып, жүзеге асырады, – деді маңдай терін сілкіп тастап.
Біз қайтар тұста шайданалық Жомарт Әбілдаев пен Тұрмахан Керімбаев тиесілі туя ағашын әкетуге келген.

Ақжігіт Жетпісбай,
«Шұғыла».

Leave A Reply

Your email address will not be published.