Сегіз тонна қырыққабатты тегін таратты

0

Мирный ауылындағы «Оргстрой» мекемесінің басшылығы Түркістан облысының Жетісай қаласынан 8 тонна қырыққабат алдырды. Сөйтіп, оны ауыл әкімі Ғани Тілешевтің көмегімен ауыл тұрғындарына тегін таратып берді. «Камаз» автокөлігіне тиелген қырыққабаттан кім қанша керек болса, сонша алып жатты. Кейбіреулер қаптарын толтырып алып жатса, енді біреулер қол арбаға бірнеше қапты тиеп алған. Тіпті мотоциклге, жеңіл автокөлікке қырыққабат басып алғандары да бар.
— Біз Түркістан облысында қырыққабат көп егіліп, сатылуға шығаруда қиындық туындап жатқанын естідік. Содан соң өз көлігімізбен арнайы барып, ауыл тұрғындарына 8 тонна қырыққабат алып келдік. Мұны ауыл әкімі Ғани Тілешевпен келісе отырып, қасиетті Рамазан айында халыққа тегін таратуды дұрыс көрдік,-дейді аталған мекеменің өкілі Еркін Қайымұлы.
Ауылдарында ешқандай көкөніс өспейтін мирныйлықтар үшін бұл шындығында да үлкен көмек болды. Сондықтанда олар өздеріне осындай көмек қолын созған «Оргстрой» мекемесінің басшылығына алғыстарын айтып, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.