Ешкім қамқорлықсыз қалмайды

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзі халық үшін көп демеу болды. Биыл көктем айы үрей мен күдікке толы күндермен басталғаны бәрімізге мәлім. Бұл екі ай ел ішінде індеттің етек алуын қадағалап, вирусқа қарсы шаралар қолданып, күнкөріс қамын жасадық.
Президенттің мәлімдемесінен бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталғанынан құлағдар болдық. Бұл бірақ індет толығымен жойылып кеткенін білдірмейді. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті екенін естіп, көріп те отырмыз.
Сонымен қатар біраз дүкен, саябақтар, сән салондары, білім орталықтары, тағы басқа да нысандар қайта ашылып, өз ісіне кіріспекші. Ел ішінде көптеген шектеулер алынып тасталғанымен, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстануды ескертіп, мамандар дабыл қағуда. Арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру және басқа да сақтық шаралары қалыпты жағдайға айналуға тиіс.
Адам өмірінен, денінің саулығынан асқан байлықтың жоқ екенін ескере отырып, жұрттың көбі үйде отыра тұрғаны ең дұрыс шешім болмақ. Бұл – ең алдымен, індеттің екінші кезеңі басталып кетуден сақтандырады.
​ Президент 1 мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысындағы​ су тасқынына да тоқталып өтті. Мақтаарал ауданына қарасты 5 ауылдың 1 мыңнан астам тұрғын үйін су басып қалды.​ Ал шұғыл қабылданған шаралардың арқасында су тасқынының әрі қарай таралу қаупі жойылды.
Күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынатыны көңілге қуаныш сыйлайды. Сөз соңын​ «Біз күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Халқымыздың бекем бірлігі бәрімізге күш-қуат береді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Біз бұған дейін талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да еңсереміз деп сенемін» деп ойымды Президенттің өз сөзімен​ аяқтауды жөн көрдім.

К.Әбдікешова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.